Accessibility links

Тоқаев "Нұр Отан" партиясы төрағалығын да қолына алды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы төрағасы болып сайланды. Билік партиясын құрылған сәтінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы төрағасы болып сайланды. Билік партиясын құрылған сәтінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы съезінде ұйым төрағалығына сайланды. Билік партиясын құрылғаннан бері 23 жыл бойы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған. Жаңарған саяси кеңес құрамына бұрынғы төраға, оның қызы Дариға Назарбаева, қаңтардағы жаппай наразылық кезінде отставкаға кеткен үкімет басшысы Асқар Мамин, партия төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек енбеген.

Жұма, 28 қаңтарда түстен кейін Қазақстан астанасында басталған "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс 21-съезіне БАҚ өкілдерін қатыстырмады. Партияның орталық кеңсесіне кіре алмаған кейбір депутаттар жабық есікті қағып біраз тұрды. Азаттық тілшілері олардан съез жайлы пікір сұраған еді.

"Бұрынғы атауы жақсы еді ғой". "Нұр Отанның" аты өзгере ме? Депутаттар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

Кейінгі кезде жұрт арасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев жақтастары мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев төңірегіндегілер арасындағы билікке тартыс туралы түрлі қауесет жиі айтылып жүргендіктен, бұл съезге Назарбаев қатыса ма, жоқ па деген сауал көптің көкейінде жүрген. Жергілікті уақытпен сағат 15-те жиын басталған кезде Назарбаев та, Тоқаев та съезге әрқайсы өз кеңсесінде отырып, онлайн қатысатыны түсінікті болды.

"Нұр Отан" кезектен тыс съезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты партия төрағасы етіп сайлады. Оны бұл орынға осы партияны құрылған сәтінен – 1999 жылдан бері үздіксіз басқарып келген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған.

Съезге бейнеконференция арқылы қатысқан 389 делегаттың барлығы Назарбаевтың ұсынысын бір кісідей қолдап, Тоқаевты партия төрағасы етіп сайлады. Назарбаевтың Тоқаевқа партия басшылығын тапсыратынын жұртшылыққа былтыр хабарлаған.

Тоқаев "партия төрағасы болу – аса жауапты жұмыс" екенін айтып, "ел аса күрделі даму кезеңіне аяқ басқан кезеңде" өзіне партия басшылығын сеніп тапсырған съезге ризашылығын білдірді.

Журналистерді қатыстырмаған партия съезінен қысқа хабарлар Қазақстан президенті баспасөз қызметінің Twitter-дегі аккаунтында жарияланып отырды.

"ЕҢ ҚАТАЛ СЫНАҚ"

Бұдан соң съез делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Тоқаев қаңтардың басында Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғалар жайлы айтты. Бұған дейін мәлімдеген "террористер шабуылы" жайлы сөзін тағы қайталады. Бірақ олардың нақты кімдер екенін бұл жолы да ашып айтқан жоқ.

"Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты, – деді Тоқаев. – Шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық".

Президент "қайғылы қаңтар" Қазақстан үшін бүкіл тәуелсіздік кезеңіндегі ең қатал сынақ болғанын айтты. "Оның себеп-салдарын тереңірек зерттеп, бұл қасіреттен тиісті қорытынды жасауымыз керек" деді ол.

Қаңтардың басында сұйылтылған газ бағасының қымбаттауы түрткі болған наразылық Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында басталып, кейін Қазақстанның барлық өңірінде қолдау тапқан. Қымбатшылық пен кедейліктен қиналғанын айтқан жұрт саяси талаптар да қойып, биліктің отставкаға кетуін талап еткен. Газ бағасы үш ай мерзімге төмендетіліп, президент үкіметті отставкаға жібергенімен наразылық тоқтамаған.

Бірнеше қалада белгісіз адамдар мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық нысандарды өртеп, қиратып, тонауға барды. Өз талабын бейбіт түрде айтып шыққандар әлгі сойқанды "арандатушылар" салғанын айтады. 5 қаңтарда елде төтенше жағдай енгізген президент Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрап, Қазақстанға шетел әскері кіргізілді.

Сол тұста Тоқаев Қазақстанға шетелде дайындықтан өткен "20 мың террорист" шабуылдағаны туралы мәлімдеген еді. Бірақ президент осы сөзіне әлі күнге дейін ешқандай айғақ-дәлел келтірген жоқ дейді сыншылар. Билік күштері наразылықты қару қолданып басты. Ресми дерек бойынша, кемі 227 адам қаза тапқан, соның ішінде 19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері. Үкімет құрбан болған бейбіт адамдардың аты-жөнін әлі күнге жарияламай отыр.

Қаңтар дүрбелеңі кезінде билік 10 мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Кейін олардың кейбірі тергеу кезінде өздерін ұрып-соғып, азаптағаны туралы шағым айтқан. Азаматтардан ондай арыз-шағым көп түскенін кейін бас прокуратура да растады.

"Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз" деп уәде етті Тоқаев жұма күні партия съезінде.

Бірақ съез қаңтардағы дүрбелеңнен кейін ұсталған азаматтардың тергеу орындарында азапталғанын айтып дабыл қаққан құқық қорғаушылардың, үкіметке наразылығын білдіріп бейбіт шеруге шыққандарға биліктің жөн-жосықсыз шамадан тыс күш қолданғанын айыптап, адам қазасы мен азаптау оқиғаларын мұқият тексеруге шақырған халықаралық құрылымдардың үндеулеріне назар бұрып, арнайы тоқталуды қажет деп таппаған сыңайлы.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕТІСТІГІ МЕН ЕҢБЕГІН АЙТАЙЫҚ"

"Шал, кет!" – қаңтардағы наразылық кезінде ең жиі айтылған ұран. Кей сарапшылар бұл ұран халықтың Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен төңірегіне қоса, ол құрған авторитар билік жүйесінен, қоғамды әбден меңдеген сыбайлас жемқорлықтан біржола құтылғысы келетінін білдіреді дейді. Кейінгі аптада Назарбаевтың отбасы мүшелерінің мемлекеттік қауіпсіздік органы мен ұлттық компаниялардағы қызметінен кетуін кейбіреулер өзгеріс нышанына балаған. Тіпті қаңтар оқиғасы кезінде "Тоқаев пен Назарбаев арасындағы тартыс шырқау шегіне жетті" деп сипаттағандар болды.

Бүгінгі сөзінде президент Тоқаев өзіне 2019 жылғы наурызда президент қызметін тапсырып кеткен Назарбаевты сынап-мінемеуге шақырды.

"Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Оның тарихи еңбегіне тиісті баға берейік, сөзсіз табысы мен қадір-қасиетін алдымен атайық. Ал мүлт кеткен жері болса, онысы еліміздің болашақ жетекшілеріне сабақ болып қалсын. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр" деді Тоқаев.

Бұл орайда ол басшының қателесуі АҚШ президентіне де, Қытай жетекшісіне де, тіпті "қазір жұрттың бәрі мақтап жүрген Сингапур лидері Ли Куан Юге" де тән болғанын айтты.

Тоқаевтың сөзінше, әлемге Назарбаев ғаламдық антиядролық қозғалыс лидері, тәуелсіздік жылдары Қазақстанды Орталық Азияда экономиканың барлық көрсеткіші жағынан алға шығарған, көршілермен мемлекеттік шекараны бекітіп, астананы Сарыарқаның төріне көшіріп, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен басшы ретінде танылған.

"Назарбаев 90-жылдардың басында белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар демографиялық ерекшелігі мен шекарасы реттелмеген Қазақстан ұзаққа бармай құлдырайды деп болжам айтқан ең ауыр тарихи кезеңде мемлекет құру сынды аса күрделі міндетті мойнына алды" деді Тоқаев.

Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде Талдықорған қаласында Назарбаевтың ескерткішін құлатып, кей қалаларда оның есімі жазылған көшедегі жазуларды жойды. Қантөгістен кейін Қазақстан қоғамында экс-президенттің билікте отыз жыл билікте болған кезде жүргізген саясаты мен тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықты айыптаған сын бұрынғыдан да күшейген.

АЛДАҒЫ УАҚЫТҚА БАҒЫТ-БАҒДАР

"Нұр Отан" съезінде Тоқаев мемлекет басшысы ретінде биліктің барлық тармағының іс-әрекеті мен жауапкершілігін қамтамасыз ету конституциялық міндеті екенін айтып, ашық әрі әділ саяси бәсекелестік болатындығына кепілдік беретінін мәлімдеді.

"Бұл жағдай президенттен кез келген партия мен қозғалыстан біршама алшақтау болғанын талап етері сөзсіз. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім биылғы жылдың аяғына қарай, "Нұр Отан" партиясы басшысы болып қалғаным қажет пе деген мәселеге оралармыз" деді ол.

Қазақстан заңы бойынша, елде президент және парламент сайлауына, жергілікті мәслихаттарға кандидаттарды тек саяси партиялар ғана ұсына алады. Сондықтан Тоқаевтың мұнымен нені меңзегені түсініксіз болып қалды. 11 қаңтарда президент күзге салым саяси реформалар пакетін ұсынатынын мәлімдеген. Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың президент болып сайланғаннан кейін берген біршама уәдесі сөз жүзінде қалғанын сынаған.

ТӨРАҒА БЕЛГІЛЕГЕН ЖАҢА МІНДЕТТЕР

Билік партиясына жаңа төраға болып сайланған президент Тоқаев кезектен тыс съезде бірқатар міндеттерді атады. Оның пікірінше, "Нұр Отан" партиясы жаңаруы керек. Және сырттай сылап-сипау емес, партияның жұмысын түбегейлі қайта құру қажет. Партия сырттай бақылаушы емес, нақты істі атқаратын ұйым ретінде алғы шептен көрінсін; мемлекеттік органдар жұмысын қайталамай, негізінен идеология және кадр мәселесімен айналысуы тиіс. Орындалмайтын уәдені үйіп-төгіп бергеннен гөрі, "арық айтып, семіз шыққан" жөн.

Бұған қоса Тоқаев партияның құрылымын қайта қарау қажет дейді. Мысалы, партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін қысқартып, оның орнына атқарушы хатшыны, сонымен бірге әр бағыт бойынша өзге хатшыларды тағайындауды ұсынды.

Оның пікірінше, партия сайлаушылармен тікелей диалог орнатуды, әсіресе алыс ауылдардағы азаматтармен тұрақты кездесу өткізуді қолға алуы керек.

"Нұр Отанға" сенесіз бе? Тұрғындар пікірі

«Нұр Отанға» сенесіз бе? Тұрғындар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

ЖАҢАРТЫЛҒАН САЯСИ КЕҢЕСТЕ КІМДЕР ЖОҚ?

Кезектен тыс съезде билік партиясы саяси кеңесінің құрамы жаңартылды. Кейінірек "Нұр Отан" партиясы сайтында оның тізімі де жарияланды.

92 адам енген бұл тізімде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева (жыл басынан бері мәжіліс отырысына қатысқан жоқ, көмекшісі депутатқа коронавирус жұққан дейді), Назарбаевтың адамы саналатын, қаңтардағы жаппай наразылық кезінде отставкаға кеткен бұрынғы үкіметтің басшысы Асқар Мамин, Назарбаевтың сыныптасының ұлы, бұған дейін партия төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек жоқ.

Назарбаевтың "Нұр Отан" төрағалығынан кетуіне мәжіліс депутаттарының реакциясы

"Дәурені өтті". Назарбаевтың "Нұр Отан" төрағалығынан кетуіне мәжіліс депутаттарының реакциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:55 0:00

Қаңтар айында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен туған-туысы және төңірегінен біраз адам осыған дейін атқарып келген қызметтен алынған.

5 қаңтарда Тоқаев Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан ығыстырды.

Назарбаевтың үш күйеубаласы ірі компаниялар мен ұйымдардағы лауазымынан босатылды. Дариға Назарбаеваның "күйеуі" делінетін Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағалығынан, Назарбаевтың тағы бір қызы Әлияның күйеуі Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма басшылығынан, Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның күйеуі Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті.

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

Жұма күнгі съезде партия жарғысына мүшелік жарна көлемі туралы өзгерту енгізілді. Бұған дейін жылына 3570 теңге болған жарна көлемі енді 3676 теңге болып белгіленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG