Қазақстандағы "суперпрезидент моделі" және Конституция жобасы: алда не күтіп тұр?

Егер Қазақстанның жаңа Конституция жобасы төңірегіндегі пікірлерді сырт көз саралайтын болса, елде оның екі түрлі нұсқасы талқыланып жатыр деп ойлап қалуы мүмкін: бірінде суперпрезиденттік жүйеден бас тартып жатырмыз деп жария етсе, екіншісінде керісінше, президент өкілеті күшейтілетіні айтылған. Ал іс жүзінде жалғыз ғана жоба – әу баста парламентті қайта құрылымдау мақсатын көздейді делінген құжат жайында сөз болып жатыр. Сонда президент институты қалай және неліктен өзгеріске ұшырамақ?

"Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасымен біржола қоштасып, беделді әрі ықпалды парламенті бар президенттік республикаға өтеді", – президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деп мәлімдеді.

Соның ертесінде-ақ Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдумды 15 наурызда өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Конституция жобасы бір айға да жетпейтін уақытта әзірленді: 21 қаңтарда президент жарлығымен құрылған конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам қайраткерлері енді. Комиссия бірнеше отырыс өткізіп, 31 қаңтарда жаңа Конституция жобасын ұсынды. Қоғам сынына қалған бұл құжат кейінірек ішінара қайта өңделді.

12 ақпан күні таңертең Конституция жобасының түпкілікті нұсқасы жарияланды.

Былтыр күзде парламентті реформалауды ұсынған кезде Тоқаев бұл мәселеде асығыстыққа салыну "мүлде орынсыз" болатынын айтқан еді. Президент бұл реформаның негізгі көздегені – екі палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу екенін айтқан. Президент қоғамдық талқы кемінде бір жылға созылады деп болжап, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум 2027 жылы өтуі мүмкін деп мәлімдеген.

Содан бері алты айға да жетпейтін уақыт өтті.

Жаңа Конституция жобасында шынында да елде бір палаталы парламент – 145 орыннан тұратын Құрылтай болады деп жазылған. Депутаттар пропорционал жүйе бойынша, яғни партиялық тізіммен сайланбақ. Алайда партияларды тіркеу сүзгісінен екінің бірі өте алмайтын елде бұл бастама сынға қалды.

Алайда Конституцияны өзгерту мұнымен шектелмейді. Негізгі заңның барлық бөлімі өзгеріске ұшырамақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституциядан орыс тілін алып тастау талабы күшейді. Билік "күрделі геосаяси ахуал" жайлы айтады

"Суперден өткен супер басқару формасы" және "аңыз"

Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы Конституцияның жаңа жобасына талдау жасады.

Ұйым сарапшылары ұсынылған түзетулерде президентке елдегі кейбір маңызды мемлекеттік қызметке парламентсіз-ақ бір өзі тағайындау құқығы берілгеніне назар аударған.

"Парламент (Құрылтай) президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді сайлау немесе қызметтен босату, Конституциялық сот төрағасын, Орталық сайлау комиссиясы төрағасын және Жоғары аудиторлық палата төрағасын тағайындауға келісім беру құқығынан айырылған. Оған қоса парламент Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын және Жоғары сот кеңесі төрағасын тағайындауға араласпайды", – деп жазған бюро талдау қорытындысында.

"Президенттің парламентке ықпал ету тетіктері айтарлықтай күшейеді. Тіпті қазіргі Конституциямен салыстырып қарағанда да жобада парламент өкілеттіктері қысқартылған, бұдан билік бөлінісі мен теңгерім және тежеу жүйесіне қатысты маңызды сұрақтар пайда болады", – делінген талдауда.

Жобаны зерттеп шыққаннан кейін бюро мамандары президент биліктің басқа тармақтарынан үстем болатынын айтты.

"Президент іс жүзінде атқарушы биліктің басшысы бола отырып, өкілді және заң шығарушы билікке (Құрылтайды тарату құқығы) және сот билігіне (Жоғарғы сот төрағасын, Жоғары сот кеңесі төрағасын және Жоғарғы сот судьяларынан басқа барлық судьяларды тағайындау құқығы) ықпал жасайтын елеулі өкілеттіктерге ие болады. Жобада парламенттің президентке импичмент жариялау құқығы сақталғанымен, ол тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Біздің пікірімізше, жобадағы теңгерім және тежеу жүйесі билік тармақтары арасындағы қажетті тепе-теңдікті толық қамтамасыз етпейді", – деген бюро сарапшылары.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы референдумде қабылданып, содан бері бірнеше рет өзгерту енгізілген. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін де референдум арқылы өзгертулер енгізілді.

Конституция жобасында заң шығару бастамасы құқығына ие консультативтік орган – Халық кеңесі құрылатыны жазылған. Бұл құрылым референдум өткізу туралы бастама көтеруге де құқылы болмақ. Халық кеңесін қалыптастыру тәртібі жобада нақты көрсетілмеген. Алайда бұған дейін Тоқаев кеңес құрамына 164 адам кіреді және бәрін президент тағайындайды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің 42-сін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер, 42-сін ірі қоғамдық ұйымдар және тағы 42-сін жергілікті мәслихаттар ұсынады.

"Бұл – парламентке параллель, заң шығару бастамасы құқығына ие құрылым болмақ. Президент оны ҚХА негізінде толық өзі жасақтайды", – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Ол жаңа Конституция жобасында жазылған осы және басқа да бірқатар нормалар президент позициясын күшейтеді деп есептейді.

"Атқарушы билік жүйесіндегі, сот жүйесіндегі, Орталық сайлау комиссиясындағы және өзге де органдардағы негізгі лауазымдарға тағайындау рәсімі президенттің пайдасына жеңілдетіледі. Президент тағайындайтын вице-президент лауазымы енгізіледі. Бұл тұлға сайлауға түспей-ақ қызметке тағайындалса да, биліктегі президент отставкаға кеткен жағдайда мемлекет басшысының орнын басады", – дейді саясаттанушы.

Қазақстандық заңгер Серік Темірболатов Конституция жобасындағы тағы бір нормаға назар аударды. Онда егер президент Құрылтайды таратса, ол заң күші бар жарлықтар шығару құқығына ие болады, яғни заң шығару билігі функцияларын өзіне ала алады деп жазылған.

"Кей конституцияларда (төтенше өкілеттіктер ретінде) мұндай тетіктер кездеседі. Алайда демократиялық модельде олар әдетте қатаң шектеліп, нақты айқындалады және тәуелсіз бақылауда болады. Жобада бұл формуланы тым "ыңғайлы" етіп жазған: ол парламент дағдарысын президенттің заң шығару құзыретін күшейту механизміне айналдырып жіберуі мүмкін", – дейді Темірболатов.

Сарапшылар реформаның әу бастағы мақсаты бір палаталы парламентке көшу болғанын айтады.

"Бұған президент өкілетін күшейтудің не қатысы бар? Президент егер премьер-министрлікке ұсынған кандидатты парламент екі рет қолдамаса, Құрылтайды тарату құқығына неге ие болу керек? Неліктен балама қарастырылмаған? Бұрынғы Конституцияда балама болған. Біріншіден, президент төрт ретке дейін кандидатура ұсына алатын. Екіншіден, таңдау мүмкіндігі болған – не президент отставкаға кетеді, не парламент тарайды. Және бұл мәселені де парламент шеше алатын, депутаттар президентке сенімсіздік вотумын білдіре алатын. Қазіргі жобада мұндай мүмкіндік жоқ, Біз суперден өткен суперпрезиденттік басқару формасына айналып бара жатырмыз", – дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді, атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретеді және билікті президенттің қолына шоғырландырады деп мәлімдеді.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.

"Жоба мәтінін нақты талдау керісінше – өкілеттіктер институционалдық тұрғыда қайта бөлінгенін, теңгерім және тежеу жүйесі кеңейтілгенін көрсетеді", – дейді орталық.

Конституциялық комиссия мүшесі әрі Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасы Серік Ақылбай да Конституция жобасы теңгерімді әрі билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз ететін механизмдер қарастырылған құжат деп есептейді. Ол президент өкілеттіктері парламент құзыретін тарылту есебінен кеңейіп отыр деген пікірге келіспейді.

"Егер парламент президентке ықпал ететін тетіктерге ие болса, біз ұстанып отырған "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" тұжырымдамасы әлсіреуі мүмкін. Парламент президентті қызметінен алып тастай алмайды, ол мүмкін емес. Олай болмауы керек. Президент жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланады, әрине, ол шамасы жеткенше жұмыс істейді. Өйткені қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін ол ел ішінде өмір сүреді, ешқайда кетіп қалмайды. Ол 30 жыл басқармайды. Сондықтан ертең жұрт не айтады деп, халық алдындағы жауапкершілігін сезінетін болады", – деген уәж келтірді Ақылбай.

Ол парламентте президентке ықпал ететін тетік жоқ деген сынға келіспейді.

"Ондай қисынға салсақ, парламент қалағанын істей беру керек пе? Егер ол мемлекетке қарсы саясат жүргізсе ше? Президентті халық жеті жылға сайлайды. Егер ол қылмыс жасамаса, ешкімді өлтірмесе, қылмыс үстінде ұсталмаса, неге біз оны парламентке тәуелді қылуымыз керек? Кім кімге тәуелді болуға тиіс – президент парламентке ме, әлде парламент президентке ме? Ондай жағдайда не болмақ? Егер біз оларды бір-біріне қарсы қойсақ, бұл билікті, мемлекеттік биліктің күшін ойсыратады", – деді комиссия мүшесі.

Неліктен Конституцияны дәл қазір өзгерткелі жатыр?

10 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция жобасын "қағидатты түрде жаңартылған, кәсіби деңгейде әзірленген және жан-жақты сараптамадан өткен құжат" деп атады.

Ақорда Конституцияны өзгертуді "мемлекетті терең қайта құру және жаңа тарихи кезең талаптарына сай қоғамдық сананы жаңарту" қажеттігімен түсіндіреді.

Қаңтардың аяғында ондаған заңгер мен қоғам қайраткері президентке Тоқаевқа ашық хат жолдап, Негізгі заң қабылдауға асықпауға шақырған. Хат авторлары Конституцияны қайта қарау қарқыны мен үдерісі бұған дейін Ақорда жариялаған бағыт-бағдарларға сай келмейтінін айтқан. Бұл үндеуге жауап берілген жоқ.

Бірақ Конституция жобасын едел-жедел әзірлеу мен талқылаудың сыры неде деген сауал қоғам көкейінде әлі тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бір асығыстық бар". Серік Бейсембаевпен Конституция реформасы жайлы сұхбат

Саясаттанушы Димаш Әлжанов парламенттік реформа бастамасының "әу бастан президент өкілеттіктерін оның билікте қалу мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретіндей етіп күшейту мақсатын көздеген" астары болған деп есептейді.

"Жобамен жұмысты әлдеқайда ертерек бастаған болуы мүмкін, алайда қоғамға өзгерістердің нақты мазмұнын білдірмес үшін оның егжей-тегжейін соңғы сәтке дейін жария етпеген сияқты", – дейді Әлжанов.

Reuters агенттігі Қазақстанда референдум өтетін күн жарияланғаны жайлы ақпаратында жаңа Конституция Тоқаевтың билікте қалуына мүмкіндік беруі мүмкін екенін жазған. Бұған дейін Тоқаев 2029 жылы қызметінен кететінін мәлімдегенімен, агенттік жазуынша, жаңа Конституцияның "қабылдануы заңда бұрынғы Негізгі заң бойынша белгіленген мерзімі жойылады деп бағалауға болатын саңылау қалдырса, онда тағы бір мерзімге сайлануға мүмкіндік болмақ".

"Қазақстандағы дипломатиялық ортадағы дереккөз жаңа Конституция бойынша жаңа мерзім мүмкін екенін, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын хабарлады", – деп жазды Reuters.

Сонымен қатар жаңа Конституция билік транзитіне дайындық болуы мүмкін деген болжамдар да бар. Қазақстан саясатын зерттеуші, Фин халықаралық қатынастар институты қызметкері Кристина Сильван Тоқаев билікті мұрагеріне өткізуді ойластырып жүрген болуы мүмкін деп есептейді. Сарапшы Eurasianet басылымына берген түсініктемесінде президент Тоқаев "транзиттің алдыңғы кезеңге қарағанда сәттірек өткенін қалайды" және "Назарбаев оны қалай дайындаса, ол да өз мұрагерін одан да жақсырақ дайындауға ниетті" деген пікір білдірген.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен оған ілесіп келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев, Астана, 20 наурыз, 2019 жыл. Сол күні Назарбаев президент қызмінен кетіп, орнына сенат төрағасы Тоқаевты қалдырды. Жаңа Конституция жобасы бойынша, сенат қысқармақ.

Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский елде билік транзитіне дайындық жүріп жатқанын айтады. Оның болжамынша, Ақорданың асығыстық танытуының сыры 2026 жылдың аяғында өтуге тиіс Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысын сайлауға Тоқаев та қатысуы мүмкін екенімен байланысты болуы ықтимал.

"Ерте ме, кеш пе, Тоқаевтың БҰҰ-ға жұмысқа ауысуы мүмкін екені жайлы әңгіме халықаралық медиа мен шетелдік лидерлер айта бастайды. Ол сайлауға қатысатынын жоққа шығара алмайды. Сол сәттен бастап бюрократиялық машина қайта бейімделе бастайды. Элитаның іс-қимылы күрт өзгереді: ықпал етуші топтар қызметінен кетіп жатқан басшының емес, оның мұрагеріне қалай жағуды немесе өз болашағын ойлап әрекет етеді. Сондықтан Тоқаев ертерек қимылдап, негізгі саяси өзгерістерді биылғы жылдың алғашқы жартысында аяқтауға мүдделі", – деп топшылайды Ковтуновский.

Алайда Тоқаев жыл басында қазақ тіліндегі Turkistan газетінде шыққан сұхбатында "кей елдерден ұсыныстар болғанымен, БҰҰ-дағы жұмысқа оралу ниеті жоғын" айтқан.

Ковтуновскийдің ойынша, Тоқаев БҰҰ-ға қызмет ауыстырмаған күннің өзінде де, геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен ел экономикасындағы ахуал президентті болашақ мұрагерін таңдауға бәрібір итермелеуі мүмкін.

Экономикалық жағдайдың күрделі екенін Reuters те жазған. Агенттік мәліметінше, 2026 жылы Қазақстан, ішінара Украинадағы соғыс салдарынан туындаған, екі таңбалы саннан тұратын инфляция жағдайында салықтарды көтерген. Әлемдік мұнай өндірісінің шамамен екі пайызын беретін елдің мұнай саласы да бірқатар қиындыққа кезігіп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға вице-президент не үшін керек? Әлемдік мысал не дейді?