Accessibility links

"Райым миллионердің" дәурені өтті ме?


Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.
Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.

Райымбек Матраимов Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары қызметінен босатылды. "Райым миллион" деген атпен танылған Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары бұған дейін талай рет сынға іліккен.

Райымбек Матраимов Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары қызметінен босатылды. "Райым миллион" деген атпен танылған Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары бұған дейін талай рет сынға іліккен.

Қырғызстан үкіметі аппараты өкілдерінің хабарлауынша, Райымбек Матраимовты қызметінен босату туралы бұйрыққа премьер-министр Сапар Исаков қарашаның 23-інде қол қойған. Оны қызметінен "Мемлекеттік азаматтық қызмет және муниципалды қызмет туралы" заңның 47-бабы 3-бөлімінің 1-тармағына сәйкес босатқан. Ол бапта сенімсіздік білдірілген жағдайда қызметкер мемлекеттік орган, жергілікті өзін өзі басқару органы бастамасымен қызметінен босатылуы мүмкін деп жазылған.

Бірақ үкімет мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары қызметінен қандай іс үшін босатылғанын ашық хабарлаған жоқ.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне Райымбек Матраимовпен хабарласудың сәті түспеді.

Матраимовтың туған ағасы, парламенттегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының депутаты Искандер Матраимов інісі туралы жаңалықты интернеттен оқығанын, мұндай шешім қабылдауға не себеп болғанын білмейтінін айтты. Ол інісін "мықты қызметкер" деп сипаттайды.

- Оны қызметінен қандай бап бойынша босатқандарын білмеймін. Інім кеден қызметінде 20-25 жыл жұмыс істеді. Жұмысын әрдайым абыроймен атқарып келді. Қарапайым инспектордан мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары дәрежесіне дейін өсті. Ол өте жақсы жұмыс істеді деп санаймын, - дейді ол.

Райымбек Матраимов бұл қызметке 2015 жылғы тамызда тағайындалған. Парламенттің кейбір депутаттары мен қоғам өкілдері оны талай рет сынаған. Бірақ Матраимов айыптардың бәрін жоққа шығарған.

Ағайынды Матраимовтар президент сайлауы кезінде билік партяисының кандидаты Сооронбай Жээнбековке көмектескені мәлім.

КЕДЕНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Бұған дейін Қазақстан үкіметі көрші Қырғызстанмен шекарада 10 қазаннан бастап қалыптасқан жағдайды "экономикалық зиянды азайту үшін контрабандамен күрес амалы" деп түсіндірген.

Оқыңыз: Сағынтаев: Қырғызстанмен шекарадан өту тәртібін белгіледік

Қазақстан тарабы шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінде тексеруді күшейткеннен кейін Қырғызстаннан шығатын жүк көліктері ұзын-сонар кезекте қаңтарылып тұруға мәжбүр болған. Қарашаның 23-індегі ақпарат бойынша, қырғыз-қазақ шекарасында кезек күтіп жиналып қалған көлік саны 600-ден асқан.

Қырғызстаннан Қазақстанға өткелі тұрған жүк көлігі. Қараша, 2017 жыл.
Қырғызстаннан Қазақстанға өткелі тұрған жүк көлігі. Қараша, 2017 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың сынынан кейін қырғызстандық азаматтық белсенділер Қырғызстанның кеден қызметіндегі коррупцияны тексеруді талап етіп, тіпті арнайы топ құрған болатын. Осы топтың мүшесі, заңгер Клара Сооронкулова Райымбек Матраимовты қызметінен жауапкершіліктен құтқару үшін босатты деп санайды.

- Бұл ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ – ред.) талаптары мен мемлекет қауіпсіздігіне қайшы келетін сорақылықтар. Бірақ ақырына дейін жеткізіп, бәрін ашық айтудың орнына, олар осыған да риза болыңдар деп отырғандай. Меніңше, бұл (қызметтен босату) уақытша нәрсе. Біраздан кейін оны басқа қызметке тағайындайды. Ал қазір олар оны жауапкершіліктен құтқарып жатыр, - деп мәлімдеді Клара Сооронкулова.

Бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі кедендегі коррупция туралы ақпаратты терістеп, Қазақстан мәлімдеген "үлкен айырмашылық" - есептеудің түрлі әдістерін қолдануға байланысты деп түсіндірген.

Матраимовтар отбасы Ошта белгілі адамдар. Оштағы мемлекеттік кадр қызметі басқармасының бұрынғы басшысы Искандер Матраимов қазір парламенттегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаты. Кіші інісі Тілек Матраимов – Қарасу ауданының әкімі.

АСТАНА МЕН БІШКЕК АРАСЫНДАҒЫ КЕДЕН ДАУЫ

Қазанның 25-сі күні Ереванда ЕАЭО үкімет басшыларының саммитінде Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды "Қытайдан әкелінген тауарларды жасырып, ЕАЭО-ның кедендік және салықтық заңнамасын бұзып отыр" деп айыптаған. Ол Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеттеріндегі бақылауды күшейтуді контрабандамен күрес амалы деп түсіндіріп, Қырғызстанмен арадағы бүкіл даулы мәселелерді шешуі тиіс болған жол картасына қол қоюдан бас тартқан.

Оқыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты

Сағынтаев "Қырғызстанның Қытайдан әкелінген тауарлар көлемі туралы ақпараттарының Қытай мәліметтерімен сәйкеспейтінін" айтып, "бұдан ЕАЭО бюджетіне үш жыл ішінде кедендік салық бойынша шамамен 828 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келді, ал импортқа салынатын қосымша құн салығы бойынша Ресей, Қазақстан, Беларусь 1 миллиард 870 миллион АҚШ долларынан қағылды" деп мәлімдеген. Қазақстан премьері мұның себебін "Қырғыз тарапынан кедендік әкімшіліктендірудің жеткіліксіз болып отырғанынан" көреді.

Оқыңыз: ЕАЭО жиынында болған "қазақ-қырғыз дауын" түрліше бағалайды

Қырғыз үкіметі Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдемесіне қатысты "Қазақстан Еуразия экономикалық одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын бұзып отырғандықтан тек ақталып отыр әрі кей тұстары жалған" деп жауап берген.

Қырғызстандық кей компаниялардың сүт, ет және кондитер өнімдерін Қазақстанға әкелуге шектеу енгізілуін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті төрағасы Жандарбек Бекшин "Қырғызстаннан Қазақстанға келіп жатқан талапқа сай емес өнімдер көлемі ұлғаюы" тенденцияға айналып кетті деп түсіндірген.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлер шекарадағы "жаңа кедергілерге" шағымданды

Қырғызстан үкіметі жанындағы мемлекеттік ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік инспекциясы директоры Қалысбек Жұмақанов Қазақстанға кіргізуге тыйым салынған өнімдер тиісті талаптарға сай өнімдер ретінде Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) бірыңғай реестеріне енгізілген деп айтқан. Яғни, ол өнімдері Қазақстанға кедергісіз кіруі тиіс болған деген ол.

Бішкек Қазақстанмен шекарадағы мәселеге қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) шағымданды. Қазақстан болса Қырғызстаннан осы ұйымдардың ережелерін, әсіресе сауда-саттық пен тауар айналымына қатысты шарттарын орындауды ғана талап етіп отырғанын алға тартқан.

Биыл қызмет өкілеті аяқталғалы отырған Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанмен шекарадағы жағдай "жалғыз адамның көңіл-күйіне" тәуелді мәселе екені туралы мәлімдеген.

Атамбаевтың "бір адамға тәуелді одақ" жайлы сөзі (27 қазан 2017 жыл):

Атамбаев "бір адамға тәуелді" одақ туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Заирбек Бактыбаевтың мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG