Accessibility links

"Тұтас ел үлкен түрмеге айналды"


Александр Макаров саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде отыр. Томск. 2010 жыл.
Александр Макаров саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде отыр. Томск. 2010 жыл.

Ресейде жергілікті өзін-өзі басқару органдарына шабуыл үдеп барады. Муниципалитет басшыларын тікелей сайлау күшін жою мүмкіндігі Мемлекеттік дума жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға түзетулер енгізген кезде пайда болды. 2016 жылға қарай мэрді тікелей сайлау мүмкіндігі аймақ астаналарының тоғызында ғана қалған. Биыл сәуірде Екатеринбург қаласында тұрғындарды мэрді тікелей сайлау құқығынан айырды. Қала мэрі Евгений Ройзман наразылық белгісі ретінде осы аптада отставкаға кетті. Жуырда Новосибирск тұрғындары да қала басшысын сайлау мүмкіндігінен айырылатын тәрізді. Томскінің бұрынғы мэрі Александр Макаров "Сибирь.Реалии" сайтына берген сұхбатында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалай дамып, кейін қалай тоқырағаны жайлы баяндады.

Томск мэрі қызметін 10 жыл атқарып, 10 жыл тергеуде және қамауда отырған. Ельцин билігінің соңғы, Путин билігінің алғашқы кезеңінде ең қарымды сібірлік қала басшыларының бірі болған Томскінің экс-мэрі Александр Макаровтың саяси өмірбаяны осындай. 1996 - 2006 жылдары Макаров үш сайлауда жеңіп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына даулы реформа жүргізген, талай қауесет мен мемге себепкер болды, "Единая Россия" партиясына мүше болған ол бастықтармен егескен, аула әндері конкурсына қатысқан.

2006 жылғы желтоқсанда Макаровты жұмыс орнында қамауға алғаны туралы кешкі жаңалықты естігенде Томск тұрғындарының төбесінен жай түскендей болды. Түні бойы мэрия терезелерінен жарық өшпей, тергеушілер мэрдің кабинетін, пәтері мен туыстарының үйін тінтті. Макаровқа «бопсалау», «қызмет бабын асыра пайдалану» және «есірткі сақтау» тәрізді 12 бап бойынша айып тағылды. Сот отырысы кезінде жүрек талмасы ұстап қалғанына қарамастан, мэр тергеу абақтысына қамалды. Бірнеше күннен кейін жағдайы жақсарған мэр абақты бақылаушылары мен тергеушілерге мінез көрсетіп, кінәсін мойындамады.

Соттың Александр Макаровқа бұлтартпау шарасын белгілегені туралы томскілік ТВ-2 телекомпаниясы түсірген кадр:

​Макаровтың соты бірнеше жылға созылды. Облыстық сот оны қамауда ұстау мерзімін бірнеше мәрте ұзартты, кейін адвокаттары Еуропалық адам құқығы сотына жүгініп, "Александр Макаров Ресей Федерациясына қарсы" іс бойынша жеңіп шықты. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен тергеу абақтысынан шыққан экс-мэр жергілікті сайлауларда оппозициялық саяси альянсқа кірген. Оны "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзінің жағымды бейнесін қалыптастырды" деген айыппен іле-шала үйқамаққа алған.

2010 жылы алқабилер Макаровты қылмыстық істің жеті эпизоды бойынша айыпты деп танып, сот оны 12 жылға қатаң режимдегі колонияға қамау туралы үкім еткен.

2016 жылы Макаров Иркутскінің №3 колониясынан шартты жазамен мерзімінен бұрын босап шыққан. Колонияда ол өз жасағының шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған.


– Колонияда шаруашылық меңгерушісі қызметін атқару сізге карьераңыздың осылай символдық аяқталуы болып көрінбей ме?

Өз еркімен "единорос" болған бір де бір аймақ басшысын білмеймін

– Көрнекі мысал. Тұтас ел үлкен бір түрмеге айналды. Әлгі УФСИН (Ресей федералдық жазаны орындау қызметінің басқармасы – Азаттық.) деген жүйені "Единая Россия" партиясы немесе президент әкімшілігі деп атауға болады. Бұл құрылымдардың бір-бірінен көп айырмашылығы жоқ. Мемлекеттік институттар мүлде беделін жоғалтып, сенімнен айырылған. Жөні түзу мемлекеттің үш белгісі – биліктің тәуелсіз тармақтары – сот жүйесі, заң шығарушы және атқарушы органдар екенін жұрттың бәрі біледі. Қазіргі Ресейде олар жойылған. Бұдан бөлек, азаматтары еркін мемлекет тірегі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күйреген. Егер біреулер Томск немесе өзге әлдебір қаланың қазіргі мэрлерін менің көзімше сөгіп-жазғыра бастаса, үнемі араша түсемін. Маған "Сіздің қаланы басқару тәсіліңіз мүлде басқа болатын" дейді. Жоқ! Жүйенің өзі басқа болатын. Біздің қолымызда шынымен билік болған. Ал қазір кез-келген мэрді орнынан лезде алып тастайды. Сот жүйесінің "жезөкшелігі" мен жазалаушы органдардың өктемдігін ескерсек, бұл мүлде қиын шаруа емес.

Александр Макаров саяси репрессия музейінде. Томск, 2010 жыл.
Александр Макаров саяси репрессия музейінде. Томск, 2010 жыл.

– Сіздің пікіріңізше, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі шынайы биліктен қашан айырылып қалды?

– Мэрлерді "Единая Россия" партиясына мүшелікке өтуге мәжбүрлей бастағаннан кейін. 2005-2006 жылдары Кремльден осындай жарлық түскен.

– Бұл партияға сіз де сол кезде өттіңіз ғой?

Бірде Кремльдегі шенеуніктердің бірінен "Бұларың не? Аймақтардағы билікті құрдымға кетіріп барасыңдар ғой?" деп сұрағаным бар

– Өйткені өзге амал болмады. Мэрлер де, губернаторлар да амалсыз өтетін. Өз еркімен "единорос" болған бір де бір аймақ басшысын білмеймін. Президент әкімшілігіндегі адамдар бізге "Жобаларыңа ақша алғыларың келе ме? Онда, біріншіден, "дұрыс" партияға өтіңдер, екіншіден, "дұрыс" сайлау өткізіңдер" деп ашық айтатын. Аймақтарды сайлау нәтижесіне қарай қаржыландырады. Мысалы, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу үшін губернатор ақша сұрап Мәскеуге барады. Ондағылар "Мемлекеттік дума сайлауында билік партиясы сенің аймағыңда қанша дауыс алды? 30 пайыз ба? Сондықтан міне, саған сұрағаныңның 30 пайызы. Қалғанын қайдан алсаң, содан ал" дейді.

– Жоғарыдан төмен пәрмен беретін билікті нығайту салдарынан қала, аймақ басшылары әрі күшпен партияға өтіп, әрі қайыр тілеген бейшараға айналды деп дұрыс түсініп отырмын ба?

– Қазір елде бес пе әлде алты ғана ма донор аймақ қалды. Бұрын олардың саны бірнеше есе көп болған. Өйткені аймақтарда негізгі кіріс көздері салықты федералдық бюджетке төлейді. Бұрын "Томскнефть" пен "Востокгазпром" компаниялары салықты облыс бюджетіне аударатын. "Восточная нефтяная компания" сауда үйі Томскіде болатын, сондықтан олардың салығы қала бюджетіне түсетін. ЮКОС компаниясы Томск облысына алғаш келген кезде осы жаққа төлеп жүрді, кейін компанияны Мәскеуде қайта тіркеуден өтуге мәжбүрледі. Бірде Кремльдегі шенеуніктердің бірінен "Бұларың не? Аймақтардағы билікті құрдымға кетіріп барасыңдар ғой?" деп сұрадым. Ол: "Бізге ақша керек. Ақша болмаса, біздің кім тыңдайды?" деп жауап берген.

Кейде қала әкімшілігінде бірге жұмыс істеген адамдарды жолықтырып қаламын. Бәрінің көзінде үрей бар

Александр Макаров жергілікті БАҚ-қа берген көптеген сұхбаттарында да Кремль шешімдерін тайсалмай сынаған. Ол журналистермен әңгімелескенді жөн санайтын, тікелей эфирден қорықпайтын, қолайсыз сұрақтардан ешқашан қашқақтамайтын. Асау мэрдің мұндай қылықтарын құр қалдырмады. 2000 жылдан кейін заман өзгерді. Билік вертикалін құру қала басшысының жұртқа жұғымдылығы оның саяси капиталы болған 1990 жылдардың еркін ойлы тұлғасы туралы естелікті өшіріп тастады. Енді аймақтардағы ырыққа көнбейтін көрнекті тұлғаларды федералдық орталық жақтырмайтын болды. Олардың Ельцин тұсында жинақтаған саяси тәжірибесі жаңа жағдайда мүлде кәдеге жарамай қалды.

"Сибирь.Релии" сайтының сауалнамасы: "Мэрлерді сайлаған жөн бе әлде тағайындаған дұрыс па?"

– Бәрі қалай басталғанын есімізге түсіріп көрейікші. 1996 жылы мэр сайлауына алғаш рет қатысуға сізді не итермеледі?

– 1990 жылға дейін мен орта мектепте биология пәні мұғалімі болғанмын. Кейін "қайта құру" дүрмегімен саясатқа кеттім. Алты жыл Совет ауданын басқардым, дума депутаты болдым. Біраз шаруаның басын қайырдық, бірақ қала шенеуніктері кез-келген үлкен өзгеріске тосқауыл қоятынын байқадым. Олар облыстық партия комитетінің нұсқауын күтіп үйренген, өздігінен әрекет етуге қорқатын совет заманының ескі кадрлары болатын. Олар обкомнан пәрмен түспейінше қозғалмайтын. Мұндай саясат 1990 жылдардың басындағы жаппай құлдырауға ұласты. Мұның себебі – ақшаның жоқтығында емес, кадр мәселесінде екенін түсіндім. 1990 жылдардың басында мэрияда отырғандардың бәрі басқарушылық қабілеттен жұрдай еді. Кез-келген шығармашылықты, кез-келген бастаманы қастық әрекет ретінде көрген совет үкіметі оларды солай тәрбиелеген.

– Бір жағынан қазіргі жағдайға ұқсайды.

Жоғарыдағы біреудің төзімі таусылып, "Отырғызыңдар оны!" деп әмір бергенге ұқсайды

– Қазір, яғни абақтыдан босағаннан кейін, қалада жиі серуендеймін. Кейде 1990 жылдары, 2000 жылдары қала әкімшілігінде бірге жұмыс істеген адамдарды жолықтырып қаламын. Бәрінің көзінде үрей бар. Адам әдетте заңсыз бірдеңе істесе қорқады ғой. Ал мына жерде құдды әлдебір паранойяға бой алдырған сияқты. Олардың тіпті неден қорқатынын да түсінбеймін, бірақ әйтеуір бәрінің зәресі ұшып, құты қашып кеткен. Қоғамды "алда-жалда бірдеңе болып қалмаса екен" деген принцип жайлаған.

– Бәлкім, олар басыңыздан өткен жағдайдан да қорқып қалған шығар. Айтпақшы, 2006 жылғы желтоқсанда тұтқындау сіз үшін күтпеген оқиға болды ма? Әлде қауіптің әлдебір белгілерін алдын ала байқалды ма?

– Ондай сигналдар болды. Бірақ уайымға салынған жоқпын.Ұйқым қашқан жоқ. Облыстық прокуратура бірнеше мәрте үстімнен қылмыстық іс қозғауға тырысып көрді, бірақ онысынан түк шықпады. Кейін жоғарыдағы біреудің төзімі таусылып, "Отырғызыңдар оны!" деп әмір бергенге ұқсайды.

– Кім пәрмен бергенін білесіз бе?

– Иә, білемін.

– Ол кім еді?

Бізде мэрлерге берілген өкілеттіктің көбін тартып алғаннан кейін қалаларымыз қатты зардап шекті

– Қамауға кім тапсырыс бергенін, бұған кім мүдделі болғанын айтудың қазіргі жағдайда мәні жоқ. Біріншіден, бұл бір адам емес. Екіншіден, бұл жеке маған ғана қарсы ұйымдастырылған әлдебір қаскөйлік емес қой. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан билікті тартып алу әрекеттеріне қарсы шыққан "асау" мэрлерді қорқытып-үркіту кампаниясы жүріп жатты. Шетелдің тәжірибесімен таныспын. 1990 жылдардың соңында АҚШ-қа барғанмын, ол жақта Томскіге бауырлас Монро деген қала бар. Айтпақшы, ол жақта біздің делегация барған күн жыл сайын жергілікті мереке ретінде тойланады. Америкада қаланы абаттандыру, тұрғындарға өмір сүруге жайлы жағдай жасаудың 90 пайызы – муниципалитеттің арқасы. Жолды жөндеу үшін Вашингтоннан ақша сұрау деген ой ешкімнің басына келмейді. Бізде мэрлерге берілген өкілеттіктің көбін тартып алғаннан кейін қалаларымыз қатты зардап шекті. Билік вертикалін құру үшін өзін-өзі басқару жүйесін құрбандыққа шалды. Ал сондағы шыққан ұшпағымыз, көркейгеніміз қайсы? Путин жыл сайын тікелей желі өткізіп, екі миллион сұраққа жауап береді. Жұрт оған "Төселген асфальт ойылып жатыр", "Құбырлар тесіліп қалды", "Газ жоқ" деп шағынып жатады. Бұл президент айналысатын шаруа ма? Ұят нәрсе емес пе?!

Александр Макаров (оң жақта) Томск мэрі болған кезде Монро (АҚШ) қаласында түсірілген сурет.
Александр Макаров (оң жақта) Томск мэрі болған кезде Монро (АҚШ) қаласында түсірілген сурет.

– Қазір Ресейдің негізгі проблемасы – гиперорталықтандырылған бюрократия. Бірақ сіз мэр болып жұмыс істеген 1990 жылдары биліктің қылмыс әлемімен жымдасуы, қылмыстық топтар, "менттердің жүгенсіздігі" тәрізді өзге проблемалар болды. Мұндай жайттарға тап болып көрдіңіз бе?

– 1996 жылы, сайлаудан кейін екі адам жетіп келді. Қолдары суреттен көрінбейтін олардың сөйлеу мәнеріне қарап қандай адамдар екенін бірден сездім. Олар келгенде құрылыс салуға берілген рұқсат қағазға қол қойып жатқан едім. Олар бұл қалада жер телімдерін бөлуге біз қатысамыз деді. Оларға "Сендер соншалықты кімсіңдер, аулақ жүріңдер. Жер телімдерін әкімшілік бөлетін болады, ұқтыңдар ма?" дедім.

Сондықтан болар, олар менімен тәжікелескен жоқ, бұрылды да кетіп қалды, содан кейін оларды көрген жоқпын. Шамамен бір айдан кейін Кавказ диаспорасынан адамдары келіп, "Қалада асфальтті ылғи біз төсеп жүргенбіз, сондықтан үміттенеміз..." деп келе жатыр еді, сөзін бөліп тастадым да, "Дәмеленбеңдер! Қол-катокпен тротуарды қалай тегістегендеріңді көрдім. Енді сендерге "май шелпек" жоқ. Я жөні түзу техникаларың болсын, я болмаса елдеріңе қайқайыңдар" дедім.

Томск мэриясында Егор Гайдармен (оң жақтан екінші) өткен кездесу. 1998 жыл.
Томск мэриясында Егор Гайдармен (оң жақтан екінші) өткен кездесу. 1998 жыл.

– Яғни олардан қорықпадыңыз. Ал 1990 жылдардың аяғында Томскіде капитализм акулалары, мысалы, ЮКОС компаниясы пайда болған кезде олармен қандай қарым-қатынас орнаттыңыз?

Ол кезде Ходорковский темекі тартатын, қарапайым киініп жүретін. Екеуміз темекі шегуге шыққанда ол маған: "Сізбен көзбе-көз отырып талқылайтын маңызды бір шаруа бар" деді

– ЮКОС-пен де, Ходорковскийдің өзімен де тіл табыса алған жоқпын. Ол Томскіге бірінші рет келген кезде Кресс (1991-2012 жылдары Томск облысының губернаторы болған – Азаттық.) телефон соғып, "ертең Восточная мұнай компаниясының жаңа қожайынымен танысамыз" деп айтты. Ол кезде Ходорковский темекі тартатын әрі қарапайым – свитер, джинсы киіп жүретін. Екеуміз темекі шегуге шықтық. Ол маған "Сізбен көзбе-көз отырып талқылайтын маңызды бір шаруа бар" деді. "Жарайды, ертең кешкісін кабинетіме кел" дедім. Ертеңінде Ходорковский екі кеңесшісін ертіп келді, кофе ішіп отырғанбыз, кенет ол: "Сіздерде – Томск облысында жуырда губернатор сайлауы өтеді. ЮКОС компаниясы сізге губернаторлық орынға сайлауға түсуді ұсынады. Бүкіл күшімізбен, қаржымызбен сізді қолдаймыз" деді. "Маған неге мұндай ұсыныс жасап отырсыз?" дедім. Ходорковский: "Бізге Кресс ұнамайды, ол ауыл шаруашылығы маманы, көп нәрсені түсінбейді. Сіз туралы ақпарат жинап көрдік, бізге сіз көбірек ыңғайлысыз" деп түсіндірді.

"Томск жеріне келгеніңе бір күн өтпей жатып билеп-төстеп, кім губернатор болатынын шешіп жатырсың. Бұл маған ұнамайды" дедім. Әлгі әңгімеден кейін арамыз шиеленісіп кетпегенімен, салқын тартты. Ал Кресс пен Ходорковский ортақ іс үшін бір-біріне деген жақтырмаушылығын жасыра білді.

Әрине, Ходорковскийдің бизнесмен ретіндегі қарымын, ұйымдастырушылық қабілетін әрдайым мойындайтынмын. Томск облысындағы мұнайшылар кенттері ЮКОС келгенге дейін адам көргісіз жағдайда болатын. Ағаштан салынған барактардың іші кір, лас, тіпті жұмысшылар жуынатын жер жоқ болатын. Ал ЮКОС жұмыс істей бастағаннан кейін бір жыл өтпей ол жақта Германияда жасалған, ішінде ыстық суы, жылуы бар шағын үйлер пайда болды. Олар жұмысшыларына жақсы жағдай жасай білетін.

– Ал Томскіде болған кездесу кезінде сізге Путин қандай әсер қалдырды?

Кейін баспасөз жиынында Путин менің сөздерімді қайталады. Бұл жағынан ол өте сұңғыла адам деп ойлаймын

– Маған ол проблеманың мәнісін бірден түсінетін адам болып көрінді. 2000 жылдардың басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау жөніндегі көшпелі үкімет жиынын өткізу үшін Путин Томскіге келді. Энергетиктеріміз "Біздің ГРЭС немесе ТЭЦ осынша гигокалория өндірді" деген сарындағы іш пыстыратын баяндамалар жасады. "Құдайым-ау, президентке мұның бәрін несіне айтып жатсыңдар? Біз аса маңызды мәселе – реформаны талқылап жатырмыз ғой. Бізге гигокалорияларыңның не керегі бар?" деп ойлап отырмын. Сол мезетте Путин сөз сөйлейтіндер тізімін сызып тастап, "Енді мэр айтып берсін" деп мінберге мені шақырды. "Реформа қазіргі тәрізді кей аймақта ғана емес, бүкіл елде жүргізілуі тиіс. Мысалы, Төлеевте (Кемерово облысының бұрынғы губернаторы – Азаттық.) тұрғындардың коммуналдық төлемдерінің 90 пайызын облыстық бюджет төлеп береді. Ал Томскіде ондай шама жоқ. Бұл әлеуметтік теңсіздік болып тұр" дедім. Бір сағаттан кейін өткен баспасөз жиынында Путин менің сөздерімді қайталады. Бұл жағынан ол өте сұңғыла адам деп ойлаймын.

– 2000 жылы сіз екінші мәрте мэр қызметіне таластыңыз. Ол кезде бүкіл қала сіздің "Ақылды қалаға – әділ сайлау" деген сайлауалды слоганыңызға күлген еді. Бұл мемге айналып, қала жайлы "ақылды, бірақ лас", "ақылды, бірақ кедей" деген әзілдер пайда болды. Бірақ тікелей эфирдегі дебаттар, дауыс берудің екінші туры, нәтижесі алдын ала болжанбаған сайлау өтті. Қазір мұндайды елестетудің өзі қиын...

Александр Макаров (оң жақта) пен 1991-2012 жылдары Томск облысы губернаторы болған Виктор Кресс.
Александр Макаров (оң жақта) пен 1991-2012 жылдары Томск облысы губернаторы болған Виктор Кресс.

– Өйткені бізде "медиалық аномалия" болды: телекөрермен үшін жұмыс істеген және либералдық мазмұнда хабар тарататын ТВ-2 телекомпаниясы бар еді. Ал дәл сол кезде Кузбаста өлі тыныштық орнаған болатын. Кемерово қаласының мэрі Володя Михайлов екеуіміз дос едік. Білікті басшы, ақылды адам болатын. Бір күні Кемеровода екеуіміз оның кеңсесінен «Ақ үйге» дейін жаяу бардық. Бір қызығы, жол-жөнекей Михайловпен бір де жүргінші амандасқан жоқ. Ал мен Томскіде көшедегі жұрттың бәрі амандасатынына үйреніп қалғанмын ғой. Сондықтан адамдардың өз мэрін танымайтыны біртүрлі болып көрінді. Сөйтсем, оған Кемерово тұрғындарының алдында сөз сөйлеуіне Төлеев тыйым салыпты. Мэр жергілікті телевидениеге жылына бір рет – Жаңа жылдық құттықтау хатты оқыған кезде үш минутқа ғана шығады екен. Бітті! Оған Кузбаста халықпен сөйлесетін жалғыз саясаткер бар, ол – халықтық губернатор Аман Төлеев деп ашық айтыпты. Кемерово ғана емес, өзге қалалардың көбінде де солай болды, губернаторлардың өз адамдарынан тағайындалған мэрлер саясаткер емес, шаруашылық меңгерушісі ғана болды.

– Томск губернаторы екеуіңіздің жұмыс бабындағы қарым-қатынасыңыз бұдан өзгеше болып па еді?

– Ресейде басқару жүйесі кез-келген губернатор мэрге қысым жасай алатындай етіп құрылған. Бірақ 10 жылдың ішінде Кресс маған бір рет те қысым жасап көрген жоқ. Бірақ оған менің басқару стилімде көп нәрсе, әсіресе халықпен үнемі ақылдасатыным ұнамайтын. Ол "мұндай театрдың қажеті не саған?" деп бұрқылдап алатын.

Александр Морозов журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2000 жылдардың бас кезі.
Александр Морозов журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2000 жылдардың бас кезі.

2000 жылдардың саяси сахнасында бұрын совхоз директоры болған губернатор Кресс пен мэр Макаров контраст тұлғалар болды. Губернатор тез ашуланып қалатын, бірақ ашуы тез тарқайтын, қарамағындағыларды мықтап шыжғырып алатын, журналистерге үнемі өкпелеп жүретін адам болды. Ал оның жанында Макаров өз рөлін мысқылмен ойнайтын джокер болып көрінетін. Бір күні ол тіпті жергілікті телекомпания журналисімен рөлін алмасқан. Макаров жаңалықтар хабарын жүргізуші ретінде телекөрермендер алдына шықты, ал журналист мэр болу оңай ма, жоқ па, соны анықтау үшін оның кабинетінде жұмыс істеді.

– 10 жыл мэр болдыңыз. Билік кез-келген адамды мастандырып жібереді деген пікірмен келісесіз бе?

– Сізге биліктің сиқыры туралы айтып берейін. Ресейде оның сиқыры өте күшті, әрі билік бастықтарды ғана емес, оның қарамағындағы адамдарды да мастандырады. Қудалауға ұшыраған кезде мұны басымнан өткердім. Еуропалық адам құқығы соты шешімінің арқасында мені тергеу абақтысынан шығарып, біразға дейін еркіндігі жартылай шектелген адам болдым. Қалада жүріп-тұруыма рұқсат етті. Бір күні кешкісін көлігіммен үйге бара жатып, "негізгі жол" деген белгіні байқамай өтіп кетіппін. ГАИ қызметкері тоқтатты. Әйнекті түсіріп едім, бетіме қарап кім екенімді таныды. "Александр Сергеевич кешіріңіз, бірақ сіз ережені бұздыңыз. Бас жолда келе жатқан көліктерді өткізуіңіз керек еді" деді. Мен оған: "Мен жүретін жолдың бәрі негізгі жол екенін капитан болсаң да білмейсің бе?" деп қалжыңдай салдым. Әлгі капитан жалпылдап, мені қоя берді. Келе жатып "қызық, қазір мэр емеспін, бұған қоса, тергеуде жүрмін, соған қарамастан әлгі капитан мені әлі бастық көреді" деп ойладым.

– Бұрын билікте болғаныңыздың сиқырлы көмегі колонияларда да тиді ме?

– Томск абақтысында отырғанымда көмегі анық тиді. "Макаровты қысыңдар" деп жоғарыдан бұйырған кезде колония басшылығындағы адамдардың көбі қысылып қалатын. Ондай бұйрықтар болғанын анық білемін, бірақ жергілікті органдар оларды орындаудан қашқақтайтын. Сондықтан мені Томскіден Иркутскіге этаппен жөнелтуді ұйғарды. Өзіме деген ерекше көзқарасты ол жақта да сезіндім. Түрме бақылаушыларымен егесіп қалатынмын, әрине, бірақ олар қатты қысым жасаудан бәрібір тартынатын.

– Басыңыздан өткен жайттардан кейін бір кездері, яғни 1990 жылы саясатқа кету үшін мұғалім карьерасынан бас тартқаныңызға өкінбейсіз бе? Қазір 30 жыл мұғалімдік стажыңызбен құрметті демалыста отырар едіңіз.

Биология пәні мұғалімі Александр Макаров мектеп бітіруші түлектермен бірге. 1990 жыл.
Биология пәні мұғалімі Александр Макаров мектеп бітіруші түлектермен бірге. 1990 жыл.

– Шынымды айтсам, оған қамауға дейін-ақ, мэр болып жүргенде талай өкінгенмін. Өмірімде талай қызмет ауыстыруға тура келді. Мысалы, бір кездері зертхана меңгерушісі болып жұмыс істедім, ол да қызық жұмыс болатын. Бірақ өмірімнің санаулы жылы ғана балаларға сабақ берумен байланысты екенін қазір түсіндім. Колониядан шыққаннан кейін бұрынғы шәкірттеріммен ай сайын кездесіп тұратын болдым. Олар мені балық аулауға, саяжайға шақырады. Мені әлі ұстаз көреді. Қазір мен үшін жылы шырайлы қатынас – ең құнды дүние.

Бірақ, Макаровтың айтуынша, қолында тіпті болмашы ғана, мысалы, қала ауқымындағы билігі бар кез-келген адамды Ресейде әлі күнге дейін жұрт дөкей, айрықша құқығы бар адам көреді. Томскінің экс-мэрі бауырлас қала – Монродан делегация келген кезде америкалық мэр сібірлік әріптесінің бағдаршамның қызыл шамын елеместен жүре беретінін, ал жол полициясы айыппұл жазбақ түгілі, шенеуніктердің кортежіне ешкімнің кедергі жасамауын қадағалағанын көріп қайран қалған болатын деп еске алады.

(Азаттықтың "Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Андрей Филимонов алған сұхбат орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG