Accessibility links

Түрмеден шыққан саясаткерді премьерлікке ұсынды. Қырғызстандағы сайлаудан кейінгі саяси дағдарыс


Қырғызстан президенті кеңсесі мен бір палаталы парламент орналасқан ғимарат - Ақ үйдің алдында жүрген адамдар. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.
Қырғызстан президенті кеңсесі мен бір палаталы парламент орналасқан ғимарат - Ақ үйдің алдында жүрген адамдар. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда сайлаудан кейінгі наразылықтан соң билік жүйесінде саяси дағдарыс қалыптасты. Парламенттің бір топ депутаты жаңа спикер сайлағанын жариялап, жақтастары түрмеден босатқан саясаткерді премьер-министрлікке ұсынды. "Легитимді президент" екенін мәлімдеген Сооранбай Жээнбеков пен үкімет мүшелерінің қайда екені белгісіз.

Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразылар сейсенбіге қараған түні Ақ үйді басып алғаннан кейін ел президенті Сооронбай Жээнбеков пен үкімет мүшелері көрінбей кетті. Олар Бішкекте деп хабарланғанымен әзірге жұрт алдына шыққан жоқ.

Билік жүйесінде қалыптасқан саяси дағдарысты құқық аясында шешу мақсатымен уақытша орган ретінде құрылған үйлестіру кеңесінің құрамына сегіз саяси ұйым – "Ата Мекен", "Республика", "Бир Бол", "Бутун Кыргызстан", "Социал-демократтар", "Замандаш" және өзге партиялардың өкілдері енді. Олар елдегі қалыптасқан жағдайды заң аясында реттейтін жаңа үкіметті тағайындау үшін әлі өкілетін жоймаған 6-шақырылымдағы Жогорку кеңештің кезектен тыс отырысын өткізуді ұсынды.

"Бутун Кыргызстан" партиясының төрағасы Адахан Мадумаров.
"Бутун Кыргызстан" партиясының төрағасы Адахан Мадумаров.

‒ Үйлестіру кеңесі тезірек құқық аясына оралуды ұсынады. Көше демократиясын тоқтату керек. Қазір легитимді парламент бар, сондықтан Жогорку кеңеш жиналып, басшылықты өзгертуі тиіс. Біз парламент депутаттарын елдегі жалғыз легитимді орган ретінде жиналуға үндейміз, – деді үйлестіру кеңесінің төрағасы болып сайланған "Бутун Кыргызстан" партиясының төрағасы Адахан Мадумаров.

Үйлестіру кеңесіне енген бұрынғы премьер-министр Темир Сариев қазіргі жағдайда Қырғызстандағы жағдайға бақылау орнату – басты міндет екенін айтты.

Темир Сариев.
Темир Сариев.

‒ Егер Жогорку кеңеш ертең (7 қазанда – ред.) отырысын өткізсе, онда парламент спикері ауысады. Бұға қоса қазіргі үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа сайлау өткізетін коалициялық үкімет құру керек. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау нәтижесін жойғандықтан, заңға сәйкес, 45 күннің ішінде кезектен тыс сайлау тағайындалуы тиіс. Үйлестіру кеңесі жаңа үкімет қалыптасқанша тек ұйымдастыру жұмысымен айналысып, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Жаңа үкімет сайланғаннан кейін кеңес оның жұмысына араласпайды, – деді Сариев.

"ЛЕГИТИМДІ ПРЕЗИДЕНТПІН"

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 6 қазанда ВВС-дің Қырғыз қызметіне берген сұхбатында елдің "легитимді президенті" ретінде қала беретінін мәлімдеді.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков сайлаудан кейінгі наразылықты айыптап мәлімдеме жасап тұр. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков сайлаудан кейінгі наразылықты айыптап мәлімдеме жасап тұр. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

"Үйлестіру кеңесі елдегі жағдайды заңға сүйеніп реттеуге тырысып жатыр. Мен де соған үндеймін және көмек көрсетуге дайынмын. Мен – елдің легитимді президентімін және көп іс маған да байланысты" деді ол.

Жээнбеков журналистің "Елде болған жағдайдың алдын алу мүмкін бе еді?" деген сауалына "Наразылық алдын ала жоспарланған шара екені анық болды. Митингіге көп нәрсе керек. Шараны ұйымдастыру, үйлестіруге көп ресурс керек. Болар іс болды. Қазір келіссөз жүргізіп, жағдайды заңға сай реттеу қажет. Қызмет бөлісу және жаңа сайлау заңға сай болуы тиіс" деп жауап берді.

Болар іс болды. Қазір келіссөз жүргізіп, жағдайды заңға сай реттеу қажет.

Бұған дейін Жээнбеков елде 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін наразылар Бішкектегі президент резиденциясын басып алған соң видеоүндеу жасаған еді. Президент "сайлауды сылтау еткен кейбір саяси күштердің қоғамдық тәртіпті бұзып, билікті заңсыз тартып алуға әрекет жасағанын" айыптаған. Бұған қоса ол Орталық сайлау комиссиясына сайлаудағы бұрмалаушылық туралы фактілерді мұқият тексеріп, егер заңсыздық анықталса, сайлау нәтижесін жоюды ұсынғанын мәлімдеген.

6 қазан күні түске қарай ОСК жексенбіде өткен парламент сайлауының нәтижесі жойылатынын ресми түрде хабарлады.

ҚОНАҚҮЙДЕГІ ЖИЫН

6 қазан кешкісін Қырғызстанның бір палаталы парламенті – Жогорку кеңештің бір топ депутаты "Бир Бол" фракциясының өкілі Мыктыбек Абылдаевты парламент спикері етіп сайлау туралы шешім қабылдағанын жариялады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Бішкектегі "Достық" қонақүйінде өткен талқылауға БАҚ өкілдерін қатыстырмаған. Отырысқа қанша депутаттың қатысқаны, спикерді сайлауға қажет кворум (парламент құрамының жартысынан көбі, яғни 61 депутат – ред.) жиналғаны жайлы жазбаша ешқандай дерек ұсынбаған.

Қырғыз парламентіндегі "Бир Бол" фракциясының депутаты Мыктыбек Абдылдаев.
Қырғыз парламентіндегі "Бир Бол" фракциясының депутаты Мыктыбек Абдылдаев.

Бұған дейін отырысқа 20-дан астам депутат қатысты деп хабарланған. Бірақ депутаттардың көбі сенімхат арқылы басқа әріптестері үшін де дауыс бергені кейін анықталды. Жиынды жүргізген Жогорку кеңеш төрағасының орынбасары, "Мекеним Кыргызстан" партиясының лидері Мирлан Бакиров парламент спикері Дастанбек Жумабековтің отставкаға кеткені туралы өтінішін оқыған деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Қонақүйге жиналған депутаттар Жумабековтің отставкасымен келісетінін мәлімдеген.

Мұнан соң депутаттар парламент төрағалығына ұсынылған Мыктыбек Абдылдаевтың кандидатурасын талқылаған. Жиынға қатысушылар ұсынысты дауысқа салып, нәтижесінде 64 депутаттың Абдылдаевты парламент спикері етіп сайлауды бірауыздан қолдап дауыс бергені туралы ақпарат тарады. Дауыс беру хаттамасы әзірге еш жерде жарияланбады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

ТҮНДЕ ТҮРМЕДЕН БОСАТЫП, КЕШКЕ ҮКІМЕТ БАСШЫЛЫҒЫНА ҰСЫНДЫ

Сейсенбінің кешінде Бішкектегі "Достық" қонақүйінде өткен жиында Мыктыбек Абдылдаев Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Бороновтың қызметтен кететіні туралы өтінішін оқыған. Бұдан соң жиынға қатысушы депутаттар үкімет басшысы қызметіне ұсынылған Садыр Жапаровтың кандидатурасын ешқандай сұрақ қоймастан "бірауыздан мақұлдағаны" туралы ақпарат тарады.

‒ Жогорку кеңеш депутаттарының көпшілігі Садыр Жапаровтың кандидатурасын премьер-министр қызметіне ұсынды. Бірақ ол әуелі [жаңа] үкіметтің құрамы, құрылымы мен бағдарламасын ұсынуы тиіс, - деп түсіндірді Мыктыбек Абдылдаев дауыс беру аяқталған соң.

Парламенттің бұрынғы депутаты, сайлаудан кейінгі наразылық кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.
Парламенттің бұрынғы депутаты, сайлаудан кейінгі наразылық кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты өткен түні жақтастары күшейтілген тәртіптегі түрмеден шығарып алған болатын. Билік оны 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысның әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.

Абдылдаев қонақүйдегі жиында Жапаровты ақталғанымен құттықтаған. Сот Жапаровты ақтау туралы үкімді 6 қазанда шығарған.

Бұған дейін Садыр Жапаров бірнеше оппозициялық партия өкілдері енген үйлестіру кеңесін заңсыз деп атаған. Елдегі саяси дағдарысты шешу мәселесінде парламент депутаттары екіге бөлінді: "Бутун Кыргызстан", "Республика" мен "Ата Мекен" партияларының өкілдерінен тұратын топ және үкімет басшылығына Жапаровты ұсынған екінші топ бар.

"ЗАҢСЫЗ ШЕШІМ"

6 қазан күні парламенттің келесі бір топ депутаты Бішкекте басқа жерде жиналып, өзгеше шешім қабылдаған. Отырысқа қатысқандардың арасында парламенттегі "Ата Мекен", Социал-демократиялық партия, "Республика ‒ Ата-Журт" және "Бир Бол" фракцияларының өкілдері болған.

Жиынға қатысқандардың бірі Жанар Ақаев сейсенбі күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне Жогорку кеңештің кезектен тыс отырысын шақыру туралы үндеуге 50-ге жуық депутат қол қойғанын айтты.

‒ 7 қазанда таңертеңгі сағат онға дейін 65 депутат жиналып, парламент спикерін сайлау үшін кезектен тыс отырыс өткізеді. Біз халық сеніміне ие үкіметті бекітуіміз керек. Көшедегі қазіргі ахуалды тұрақтандырып, тәртіп орнатып, бір қорытындыға келуіміз керек, ‒ деді Ақаев.

Біз сайлаудағы заңсыздыққа қарсы митингіге шығып жүрген кезде олар бүгін заңсыз сайлау өткізіп жатыр.

Жогорку кеңеш депутаты Рыскелді Момбеков Садыр Жапаровтың кандидатурасын премьер-министр қызметіне ұсынуды заңсыз деп атады. Оның сөзінше, 6 қазанда депутаттардың көпшілігі парламенттің кезектен тыс жиынын өткізу жоспарынан бейхабар болған.

Қырғыз парламентінің депутаты Рыскелді Момбеков.
Қырғыз парламентінің депутаты Рыскелді Момбеков.

‒ Қалай болғанда да бұл ‒ заңсыз. Өйткені парламент төрағасы кезектен тыс отырыс өтетіні туралы депутаттардың барлығына хабарлауы керек. Және премьер-министрді сайлау процедурасы да бұдан өзгеше. Біз сайлаудағы заңсыздыққа қарсы митингіге шығып жүрген кезде олар бүгін заңсыз сайлау өткізіп жатыр. Бұл да сол баяғы "билікті рейдерлік жолмен басып алуға" жатады. Бұған қоса, ол отырыста дауыс бергендер ‒ [жексенбіде] өткен сайлауға "Биримдик" пен "Мекеним Кыргызстан" партияларынан қатысқандар. Олардың дауыс беруге моральдық құқы жоқ. Ертең халыққа бұл заңсыз болды деп айтамын. Бұл елдегі тұрақтылыққа кепіл бола алмайды, бұдан да үлкен жанжалға әкелуі мүмкін... Мұндай депутаттар қабылдаған шешім ‒ сайып келгенде кек алуға талпыныс, ‒ дейді Момбеков.

Қырғыз парламентіндегі "Ата Мекен" фракциясының депутаты Садык Шер-Нияз саясаткерлердің "көрпені өзіне ғана тартқанын" сөгіп, елді саяси дағдарыстан шығару үшін жұмыла әрекет етуге шақырды.

‒ Құрметті саясаткерлер, сіздер тағы да бетсіздікке барып отырсыздар. Спикер орны үшін қырқысып, тағы да топқа бөлініп жатырсыздар. Халық мұның бәрін көріп отыр, жеңіске жету үшін күш біріктіру керек еді, ‒ деді ол.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін оның алдын ала қорытындысымен келіспеген оппозициялық күштер ертеңіне Бішкекте наразылық митингісіне жиналды. Олар сайлау нәтижесін жоюды талап етті. Полиция жасағы демонстранттарды тарату үшін жас ағызатын газ бен су шашып, түтіндеткіш құты мен резеңке оқ қолданды.

Бірнеше сағатқа жалғасқан қақтығыс барысында қатары көбейген наразылар полицияны тықсырып, Ақ үйді, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін, мемлекеттік телеарна ғимаратын басып алды. Жақтастары жемқорлық айыбымен сотталып, түрмеде отырған экс-президент Алмазбек Атамбаевты, бұрынғы екі премьер-министр мен тағы бірнеше саясаткерді қамаудан шығарып алды.

Бішкектегі қақтығыс кезінде басынан ауыр жарақат алған жас жігіт қаза болды. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің сейсенбідегі мәліметінше, 5 қазаннан бері түрлі дәрежеде жарақаттанған 600-ге жуық адам дәрігер көмегіне жүгінген. 150 адам ауруханаға түскен. 13 адам реанимацияда жатыр.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдарынан әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG