Accessibility links

"Айтылған сөз – атылған оқ". Қазақстан билігі Украина елшісінің соғыс жайлы сөзіне мін тақты


Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев (оң жақта) Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен сөйлесіп отыр. Қазақстан СІМ жариялаған сурет. 23 тамыз 2022 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев (оң жақта) Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен сөйлесіп отыр. Қазақстан СІМ жариялаған сурет. 23 тамыз 2022 жыл.

Украина елшісі Петр Врублевскийдің қазақстандық блогерге берген сұхбатында айтқан "орыстарды өлтіру" жайлы сөзі әлеуметтік желіде кең тарап, қызу пікірталас туғызды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина елшісіне наразылық білдірді. Әдетте ресейлік саясаткерлердің Қазақстан жөнінде айтатын даулы мәлімдемелерін үнсіз қабылдайтын жергілікті ұйымдар да бұл жолы елшіні сынап-мінеді. Бірақ елшіні қолдап жатқандар да бар.

Соғыстан қашып, Қазақстанға келген Украина азаматтары 23 тамызда виза мерзімі ұзармайтынын, тез арада елден кетуге тура келетінін естіген. Тығырыққа тірелген азаматтар Алматыдағы көші-қон полициясы ғимаратының алдына жиналған. Олардың қатарында Кристина Кунах та бар. Ол туыстарының тағдырына алаңдайды.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Украина азаматы Кристина жақындарын соғыс аймағынан эвакуациялап, Қазақстанға әкелген. Ол көп жылдан бері Алматыда тұрады, тұрғылықты мекенжай анықтамасы бар. Украина азаматтары Қазақстанда 90 күнге дейін тұрақтай алады. Кристинаның туыстары үш айдан кейін B-20 визасын алып, елде қалу мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Бірақ жақында аяқ астынан бәрі өзгерді.

Украина азаматы Наталья Кунах паспортындағы Қазақстан визасын көрсетіп тұр. Алматы, 24 тамыз 2022 жыл.
Украина азаматы Наталья Кунах паспортындағы Қазақстан визасын көрсетіп тұр. Алматы, 24 тамыз 2022 жыл.

– Бізге В-20 визасының мерзімі ұзартылмайтынын айтты. Көші-қон полициясы қызметкерлері бұл виза бір рет қана берілуі керек деген бұйрыққа сілтеп отыр. Украина азаматтарына бұл виза үш рет берілді, әдеттегідей ұзартуға келген едік. Бірақ виза мерзімін ұзартпаймыз деп отыр, – дейді Кристина Кунах.

Украина азаматтары жағдайдың күрт өзгеруіне не себеп болғанын білмейді. Бірақ виза мерзімін ұзартуға тыйым Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің жергілікті блогерге берген сұхбатынан кейін басталған.

ШАҒЫН ВИДЕО ТҮРТКІ БОЛҒАН РЕЗОНАНС

21 тамызда Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына отыз жыл толуына орай өткізілген концерт кезінде блогер Диас Құзайыров Петр Врублевскийден шағын видеосұхбат алған. Дипломат Ресеймен арада болып жатқан соғыс туралы сөзінде "Барынша көп адамның көзін жоюға тырысамыз. Қазір неғұрлым көп орыс өлтірсек, балаларымызға соғұрлым жеңіл болады" деген. Сұхбаттың осы бөлігі әлеуметтік желіде кең тарап, Қазақстанда және жақын шетелде қызу талқыға арқау болды.

Ресей сыртқы істер министрлігі мұндай мүмкіндікті құр жібермей, Киев режимінің адамзатқа қарсы пиғылы туралы сөздерін қайталады. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "Украина елшісі Қазақстан азаматтарын [адамды] ұлтына қарай қырып-жойып, елдегі ұлтаралық келісімді бұзуға шақырып отыр" деп мәлімдеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина елшісін шақырып, "сұхбатта айтылған сөзіне" байланысты наразылық білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратта "Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіндігі және қолайсыздығы туралы ұстанымын білдірді. Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс" делінген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Қазақстан халқы ассамблеясы да күтпеген жерден белсенділік танытып, бұл мәселеге байланысты үн қатты. Елдегі ондаған этномәдени орталықтың басын біріктіретін консультативті-кеңесші орган Қазақстанда болған ұлтаралық жанжалдар кезінде үнемі үнсіз қалатын. Ұйым ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға территорияға байланысты талап қойып, орыстар мен орыс тілінде сөйлейтіндерге "геноцид" жасалып жатыр деген айыптауларына да жауап бермеген. Бірақ осы жолы Қазақстан халқы ассамблеясы да, сыртқы істер министрлігі де Украина елшісінің мәлімдемесіне жарыса наразылық білдірді.

"Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды. Дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс" делінген Ассамблея мәлімдемесінде.

Қазақстан халқы ассамблеясына кіретін, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, парламенттің бұрынғы депутаты Владимир Божко басқаратын орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы да Украина елшісін мінеп, оны "нон грата тұлғасы" деп жариялауды талап еткен.

Интернетте Врублевскийді Қазақстаннан депортациялауға үндеген петиция жарияланған. Онда "Біз – петицияға қол қойған азаматтар, Украина мен қарапайым украиндардың қайғысына ортақпыз, бірақ туған жерімізде ұлтаралық алауыздық туғызу әрекетін құптамаймыз!" делінген.

Петицияға 30 мыңнан астам адам қол қойған, жеті мың адам Врублевскийді депортациялауға қарсы шыққан.

Қазнет қолданушылары арасында елшіні қолдап жатқандар да, оған қарсылар да бар. Врублевскийді жақтаушылар "орыстарды қырып салу" туралы сөз жарты жылдан бері соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан Украинаға қатысты эмоциямен айтылған деп түсіндіреді. Украинада Ресей әскерінің шабуылынан елдімекендер қирап-жойылып жатыр. Миллиондаған тұрғын мекен-жайын тастап, босып кетті, ондаған мың адам қаза тапқан.

24 тамыз – Украинаның тәуелсіздігі күні жергілікті бірнеше белсенді Алматыдағы ақын Тарас Шевченконың ескерткішіне барды. Қолына Украина туын ұстаған белсенділер агрессорға қарсы соғысып жатқан Украина халқын және елшісін қолдайтынын айтты.

– Жер бетінде соғыс болғанын қаламаймыз. Украина елшісін депортациялауға себеп көріп отырған жоқпыз, – деді акцияға қатысқан Ақерке Әбішева.

ЕЛШНІҢ СӨЗІНЕН ҮНДЕУ БАЙҚАЛА МА?

Петр Врублевскийдің сөзінен кейін блогер Диас Құзайыров видео жазып, өз позициясын және елшінің не айтқысы келгенін түсіндіруге тырысқан.

"Біріншіден, сұхбат берген адамның сөзі үшін жауапты емеспін.. Екіншіден, елшінің сөзін түзете алмаймын. Бірақ онда елші оккупанттардың көзін жоямыз дегенін атап өткім келеді… Елші видеода Қазақстандағы орыстарды өлтіру керек деген жоқ. Оған "Украинадағы жағдайға байланысты не айтасыз?" деген сұрақ қойылды. Ол өз пікірін айтты. Яғни, Қазақстандағы орыстарды өлтіруге шақырған жоқ. Бұл үндеу болған жоқ".

Қазақстандағы Украина елшілігі Петр Врублевскийдің сөзіне байланысты пікір білдірмеді. Украина азаматы, Нұр-Сұлтанда гуманитарлық көмек жинаумен айналысып жатқан Златослава Близнюк елшіліктің позициясы дұрыс, өйткені кез келген пікір ақталу болып көрінеді деп есептейді.

– Пікір берілмейді. Журналист елшінің сөзін контекстен жырып алып жариялап жібергенін көрдіңіз ғой. Видеоның бір бөлігін ғана емес, толық нұсқасын салу керек еді. Сұхбат кезінде "Украинадағы ресейліктердің жағдайы туралы айтыңызшы?" деген сұрақ қойылған. Елші Қазақстанда емес, Украинада жүрген, шабуыл жасаған ресейліктер туралы айтқан. Пікір берілмейді, өйткені ол ақталу болып көрінеді. Толық пікірдің бір бөлігін үзіп-жұлып жариялап жібергені үшін ақтала ма?

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақстанның Врублевскийдің сөзіне реакциясы мемлекет пен қоғам арасындағы жікті көрсетті деп есептейді. Ол Врублевскийдің пікірі сәтсіз болғанын мойындайды, бірақ дипломаттың сөзі Қазақстандағы орыстар туралы емес, соғыс пен Ресей режимінің Украинадағы соғыс қылмыстары мағынасында айтылғанын алға тартады.

– Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы бұл мәлімдемені біздің қоғамға және елдегі ішкі жағдайға қарай бұрып жіберді. Украина елшісінің әрекетін ашық түрде сынады. Сыртқы істер министрлігі елшіге наразылығын жеке айтып, қоғам назарына шығармаса да болар еді. Тоқаев Кремльдің Қазақстанның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы туралы ақпараттық шабуылдарын елеусіз қалдырды. Президенттің қайшылықты әрекеті, қаңтарда Ресей әскерін шақыруы оның Ресейді қолдайтын саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді, – дейді Әлжанов.

Тоқаев маусымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен экономикалық форумда әріптесі Владимир Путиннің көзінше Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын айтқан. Сарапшылар Нұр-Сұлтан Мәскеуден алшақтап, қос мемлекет арасында шиеленіс пайда болды деп топшылаған. Алайда кей бақылаушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз байланыс жалғасады, ал мұндай мәлімдемелер қоғам мен батыс елдерінің алдында бедел жинау үшін ғана жасалады деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.

Петербург форумынан кейін екі айдан соң 19 тамызда Тоқаев тағы да Ресейге барды. Президенттің Ресейдің шақыруымен Сочиге барғаны жөнінде көп айтылған жоқ. Путинмен келіссөздер оңаша өтті. Президенттің баспасөз қызметі таратқан видеожазбада қос мемлекет арасындағы серіктестік пен сауда-экономикалық байланыстар туралы әдеттегі сөздер қайталанған. Тоқаев Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына байланысты пессимистік болжамдар жасауға негіз жоқ деп есептейді. Президенттің сөзінше, бұл геосаяси жағдайға байланысты мемлекет басшылары деңгейіндегі әдеттегі кездесу болған. Кездесу кезінде ешқандай құжатқа қол қойылған жоқ.

Бірнеше күннен кейін Қазақстандағы көші-қон қызметі Украинадағы соғыстан қашқан азаматтарға елде заңды өмір сүруге мүмкіндік беретін виза мерзімін ұзартуды тоқтатты. Азаттық Украина азаматтарының визасын ұзартпауға не себеп болғанын сұрап, ішкі істер министрлігіне хат жолдаған. Бірақ мақала жарияланғанға дейін министрліктен жауап келген жоқ.

Соғыстан бас сауғалап, басқа елге қашқан украиндар қазір тағы да әрі-сәрі күй кешіп отыр. Олар жалдап тұрып жатқан пәтерлерін босатып, Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне көшуге дайындалып жатыр.

– Босқын мәртебесін тіркеу – өте қиын процесс. Украина азаматтарының босқын мәртебесін алуға құқы жоқ. Соғыстан қашқан адамдарға бұл мәртебе берілмейді. Өйткені оларды Украинада ешкім қудалап, қысым көрсеткен жоқ. Әзірге қолымыздан келетіні – туыстарымды басқа жаққа жіберу. Қазақстандағы мәселе шешілмейінше, туыстарым уақытша Қырғызстанға не Өзбекстанға кетеді, – деді Кристина Кунах.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG