Accessibility links

Қытаймен қатынас "ұзақ мерзімді" ме, әлде "мәңгілік" пе?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге сапарында Қытай басшысымен "мәңгілік стратегиялық серіктестік" мәлімдемесіне қол қойғанын жарияласа, президенттің ресми сайты "ұзақ мерзімді серіктестік" жайлы хабар таратты. Сарапшылар дипломатия саласында "мәңгілік" пен "ұзақ мерзімді" келісімдердің айырмасы бар екенін айтады.

Қазақстан басшысының Қытайға екі күндік мемлекеттік сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин "стратегиялық серіктестікті дамыту" туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Басқа да қол қойылған құжаттардың тізімі Қазақстан президентінің ресми Ақорда сайтында жарияланды. Өзге ақпарат құралдары да ресми сайт жаңалығын одан әрі іліп әкетті.

Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде Пекинге жасаған тұңғыш сапары болатын. Президент делегациясы құрамында премьер-министр болған жоқ.

"ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ", ЯҒНИ "МӘҢГІЛІК" ПЕ?

Ресми сайттағы мәліметке қарағанда, бірлескен мәлімдемені қосқанда барлығы 10 құжатқа қол қойылған. Алайда Тоқаевтың Twitter-дегі парақшасында қол қойылған "мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі бірлескен мәлімдеме және 10 келісім" туралы айтылған.

Бұл мәлімет тиісінше Тоқаевтың Twitter-дегі парақшасында ағылшынша және орысша да қайталанған.

Алайда Ақорда сайты қыркүйектің 11-і күні жариялаған жаңалығында Тоқаевтың президенттің дәйек сөзінде "мәңгілік серіктестік" туралы айтылмайды.

Президент сайтының мәліметіне қарағанда, кездесуде Тоқаев "...Бүгін біз бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақ мерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді" деген.

Ресми сайттың ағылшын және орыс тіліндегі нұсқасында да "мәңгілік" сөзі жоқ.

Азаттық бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғалидан білмек болғанда телефоны сөніп тұрды. Баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі хабарламаға да жауап бермеді.

Алайда 13 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәслихатында Берік Құрманғали "Қытай көрші мемлекет болғандықтан, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз, көршімен мәңгілік стратегиялық әріптестік орнату заңдылық деп есептейміз" деді. Осы жиында президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов екі ел басшысы қол қойған мәлімдемеге тоқталып, 11 қыркүйектен бастап екі ел арасында "ұзақ мерзімді, яғни басқа сөзбен айтқанда мәңгілік серіктестік" байланыс басталғанын айтты.

Мұрат Нұртілеуов Қазақстан президентінің Қытайға сапары қарсаңында Қазақпарат агенттігіне берген сұхбатында "жаңа кезеңде жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қою жоспарланғанын" айтқан. Бұл сұхбатта президент көмекшісі "ұзақ мерзімді ынтымақтастық" және "ұзақ мерзімді стратегиялық мүдде" тіркестерін қолданған. Сұхбатта "мәңгілік" сөзі кездеспейді.

ҚЫТАЙЛЫҚ БАҚ НЕ ДЕДІ?

Қытай тіліндегі ақпарат құралдарын үздіксіз бақылап отыратын кейбір қытайтанушы мамандардың айтуынша, президент Тоқаевтың сапары жайлы хабар таратқан көптеген қытайлық БАҚ аталған бірлескен мәлімдемеге байланысты "мәңгілік" сөзін қолданған.

Астанада тұратын қытай тілінің маманы Қабан Ынтыққанұлы Азаттыққа Пекиндегі екі президенттің кездесуін қытайлық CCTV арнасынан көргенін, кейін сол елдің ресми сайттарын қарап шыққан кезде екі ел арасында "мәңгілік серіктестік туралы келісімге қол қойылды" деп хабарланғанын айтады.

Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімге қол қою сәті. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімге қол қою сәті. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінің оқытушысы, қытайтанушы маман Ержан Керімбай да Қабан Ынтыққанұлының сөзін растайды. Ол Қытайдың ресми сайттарында шыққан соңғы жаңалықтарда "ұзақ мерзімді" сөзі кездеспегенін айтады.

Оның айтуынша, Қытай тілінде "ұзақ мерзімді" сөзі - 长期 (chang qi), ал "мәңгілік" - 永久 (yong jiu) нұсқасында жазылады. Бұл жолы Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы келісім туралы жаңалықта 永久 (yong jiu - мәңгілік) сөзі қолданылған.

Ержан Керімбайдың айтуынша, 永久 yong jiu сөзі әдетте "мәңгілік" және "тұрақты" деген мағынаны білдіру үшін қолданылады. Ол бұл жолы ресми кездесуде 永久 (yong jiu - мәңгілік) сөзінің қолданылғанын байқаған.

"Әдетте мұндай келісімдерге келгенде 长期 (chang qi - ұзақ мерзімді) сөзін қолданушы еді" дейді қытайтанушы.

Филолог Омарәлі Әділбек те екі маманның сөзін қостап, Қытай ақпарат құралдары "кең көлемдегі мәңгілік келісімдерге қол қойғаны туралы" хабарлағанын айтты. ​

"ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР"

Мамандар халықаралық қатынаста "мәңгілік" және "ұзақ мерзімді" сипатындағы байланыстар арасында айырмашылық бар деп есептейді.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков "Мәңгілік достық туралы келісім дипломатиялық қатынастардың ең жоғарғы деңгейіне тән. Ал ұзақ мерзімді келісім немесе декларация мағынасы жағынан мәңгілік қатынас келісімінен кейінгі орында тұр" дейді Азаттыққа.

Ол бұған дейін Қазақстанның Ресеймен арада "мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы декларациясына" қол қойғанын еске салды. Бұдан басқа Қазақстан-Қырғызстан, Қазақстан-Өзбекстан арасында "мәңгілік достық келісімі" бар екенін айтады.

Қазақстан мен Қытай тулары. Көрнекі сурет.
Қазақстан мен Қытай тулары. Көрнекі сурет.

Дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, "дипломатиялық қарым-қатынаста мәңгілік келісім мен ұзақ мерзімді келісімнің айырмашылығы - жер мен көктей".

Оның айтуынша биліктің нақты ақпарат таратпауы қоғамда күдік пен күмән туғызады.

- Біздің билік ақпаратты шектеп береді. Соның кесірінен көңілімізде күдік қалып отыр. Әйтпесе, келісім-шарт екі жақта да, екі тілде де бірдей жазылуы керек. Ал біздің биліктің "мәңгілік" сөзінен қашып отырғаны - халық бұл сөзге басқаша қарайды, - деді Қазбек Бейсебаев Азаттыққа. Оның айтуынша, "мәңгілік серіктестік" тіркесі қоғамда наразылық тудыруы мүмкін болғандықтан, билік оны жұмсартып қолдануға тырысады.

Азаттық Қазақстан мен Қытай арасындағы "стратегиялық серіктестікті дамыту" туралы бірлескен мәлімдеменің мерзімділігін нақтылау үшін сыртқы істер министрлігіне де хабарласты. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "ақпараттың барлығын президент баспасөз қызметінің дайындағанын, солардан сұрау керектігін" айтты.

Президент Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай жобаларына қарсы" наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен елдегі "Қытай зауыттарының жабылуын", Қазақстанның көрші елмен қарым-қатынасын шектеуін талап етті.

7 қыркүйекте Алматыда өткен "Халық құрылтайында" азаматтар президенттен "ресми сапары барысында Қытайдан қарыз алмауды, жаңа жобалар бойынша келісім-шарт жасаспауды" талап етті.

Наразылық акцияларына реакция білдірген қазақстандық билік өкілдері "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың ел экономикасы үшін маңызды екенін, қазіргі кезде инвестициясыз алға жылжу мүмкін емесін" айтқан.

Ресми дерек бойынша, 2018 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 12 миллиард долларды құраған. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 20 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG