Accessibility links

"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады


Полиция оппозиция митингісі өтеді деген жерде адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 ж.
Полиция оппозиция митингісі өтеді деген жерде адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 ж.

Қазақстан үкіметінің адам құқығының жай-күйін жақсарту уәдесі сөз күйінде қалып қойды. Еуропарламент шағын комитеті өткізген тыңдауда еуропалық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар Қазақстанда саяси тұтқын деп танылғандар тізімі үнемі толығатынын, Нұр-Сұлтанға сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айтты. Билікке айтылған сынға Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне жауап беруге тура келді.

ҚАЗАҚ ОМБУДСМЕНІ: ДИАЛОГ ҮШЖАҚТЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ

6 желтоқсанда Еуропа парламентінің адам құқығы жөніндегі шағын комитеті өткізген талқылауға Еуропарламент депутаттары, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Мира Риттман, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис қатысты. Олардың кейбірі жиынға видеобайланыс арқылы қосылды.

Қазақстанда омбудсменді президенттің ұсынысымен парламент сенаты тағайындайды. 2019 жылғы қыркүйектен осы қызметті атқаратын Эльвира Әзімова Еуропарламент пен Қазақстан парламенті депутаттарының диалогы кеңейіп келе жатқанын айтады. Әзімова заң шығарушы органдар арасында мұндай екіжақты ынтымақтастық қажет деп санайды. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 76-сессиясына жолдаған үндеуіне сілтеме жасап, Қазақстанда коронавирус пандемиясының салдары халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер еткенін атап өтті.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова.

Әзімова президент Тоқаевтың биыл маусымда қабылдаған жарлығы аясында адам құқығы саласындағы 26 шараның кейбірі іске асырыла бастағанын айтты, алайда нақты қандай шара және қай деңгейде атқарылып жатқанына тоқталмады.

"Қазіргі кезде Еуропарламент депутаттарының, Еуропа одағының Қазақстан үкіметімен және азаматтық қоғамен жеке-жеке өткізіп жүрген диалогтары үшжақты болса дейміз, жеке мен үшін де аса маңызды. Өйткені біз бір-бірімізді естуге тиіспіз, президент те еститін мемлекет концепциясын ұсынған. Егер үшжақты болмай, әркім екіжақты ғана әңгіме өткізетін болса одан нәтиже болмайды" деді Әзімова.

Омбудсмен бұған дейін Еуропарламент депутаттары қозғаған Қазақстанның қамау мекемелеріндегі азаптау мен қатыгездікке жол бермеу мәселесі жайлы сөзінде қазақ үкіметі елде әрқайсы 2 мың орынға шақталған 16 қамау мекемесін салуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Еуропарламент депутаттары Ақорданың адам құқығы саясатын тағы сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

"ҮКІМЕТТІ СЫНАЙТЫНДАРДЫ ҚУДАЛАЙДЫ"

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Мира Риттман "билігі азаматтық қоғам, медиа сарапшылар мен үкіметті сынайтындарға шүйлігетін" Қазақстандағы адам құқықтарының алаңдатарлық жағдайына назар аударғаны үшін Еуропарламентке ризашылық білдірді. Ол биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстанда адам құқығы бұзылып жатқаны туралы қарар қабылдағаннан кейін қазақ билігі елдегі оннан астам топты қудалау, айыппұл салып жазалау райынан қайтқанын атап өтті.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Мира Риттман.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Мира Риттман.

Риттман Еуропарламент институттары Қазақстан билігінің елдегі белсенділерге "жалған ақпарат тарату" айыбын негізсіз тағуына алаңдап, билікті кәсіподақтар туралы заңға реформа жасауға үндеп, азаматтық қоғам топтарына қолдау танытып жүргеніне де алғыс айтты.

Қазақстан президенті өткен айда Брюссельге барар алдында Мира Риттман ресми Нұр-Сұлтанға ықпал ететін "мүмкіндігі мен құралдары бар" Еуроодақ жетекшілерінен Қазақстан басшысымен кездесуде адам құқықтары жайына да ерекше тоқталып, "нақты жауап" алуды сұраған еді. HRW өкілі "құрғақ уәдеден гөрі нақты іс" керегін бұл жолы тағы айтты.

"Президент Тоқаев Брюссельге келе жатқанда диссидент, ақын Арон Атабектің қайғылы қазасы туралы хабар алдық, ол 18 жыл түрме жазасының 15 жылын өтіп шыққаннан кейін бірнеше аптадан соң қайтыс болды. Бостандыққа құр сүлдері шыққан. Ол қамауда болған кезде азапталып, қатыгездік көргенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда [билік] оның айтқанын елемеді немесе кері қақты. Осындай қайғылы жайттар Қазақстан үкіметі адам құқығын құрметтейді деген әңгіменің қаншалықты мәнсіз болуы мүмкін екенін көрсетеді" деді Риттман 6 желтоқсанда.

Бір ай бұрын Мира Риттман "15 жыл түрме азабын шеккен диссидент ақын Арон Атабектің суретін көріп шошығанын" жазған еді.

Эльвира Әзімова HRW өкілінің Арон Атабек жайлы айтқанына жауап қайтармай, үнсіз тыңдады.

"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабектің бостандыққа шыққан соң түскен суреті. Алматы, 6 қазан 2021 ж.
"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабектің бостандыққа шыққан соң түскен суреті. Алматы, 6 қазан 2021 ж.

Қазақстан билігі 2006 жылы Алматыдағы Шаңырақ оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 18 жылға соттаған Арон Атабекті биыл 1 қазанда "денсаулығына байланысты" түрмеден шығарып, сот кескен жазаның қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Тағылған айыпты мойындамайтынын сотта да, түрмеде де мәлімдеген диссидент биліктен өзін толық ақтауды және зардап шеккені үшін өтемақы төлеуді талап еткен. 68 жастағы Атабек 24 қарашада Алматыда ауруханада қайтыс болды. Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған құқық қорғаушы топтар мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті айыптады. Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару комитеті "Атабектің денсаулығының нашарлауына жауапты емеспіз" деп мәлімдеген.

Еуропарламенттегі жиында Мира Риттман Қазақстандағы адам құқығына байланысты дәл қазір көкейкесті үш проблемаға: экстремизмге қарсы заңды үкіметті сынайтындарды басып-жаншуға теріс пайдалану, тәуелсіз кәсіподақтар қызметін шектеу және отбасындағы зорлық-зомбылыққа назар аударды.

"Экстремистік" бап бойынша айыпталған 13 белсенді сотта соңғы сөзін айтты. Алматы, 8 қазан 2021 ж.

"Отанды өздері сатады!" 13 белсенді сотта соңғы сөзін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

HRW өкілі Қазақстанда билік "экстремистік ұйым" деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясын" қолдайды деген күдікке ілінген үкіметті сынайтын белсенділерді қудалау көп жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтты. Қазақстан билігі тіркелмеген бұл екі ұйымды "экстремистік" деп тануға негіз болған сараптама қорытындысы мен қызметіне тыйым салу туралы сот шешімін көпшіліктен жасырып отыр. Еуропарламент ҚДТ мен "Көше партиясын" оппозициялық бейбіт қозғалыс деп атайды.

Риттман Қазақстан соты "экстремистік әрекет жасаған" деген айып тағып, түрлі жаза тағайындап, жүріп-тұруына, интернетті пайдалануына, саяси немесе азаматтық белсенді қызметпен айналысуына тыйым салған ондаған адамды мысалға келтірді. Олардың арасында Асқар Қайырбек, Ербол Есхожин, Ұлысбек Ахметов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов пен Ноян Рақымжановты атады.

Риттман Қазақстанда 2014 жылы қабылданған кәсіподақ туралы репрессивті заңға кейін енгізілген өзгертулерге қарамастан, билік тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеуден бас тартып, олардың жұмысына кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді. Ол ақпан айында Қазақстан билігі "Отын-энергетика кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қызметін жарты жылға тоқтатқанын мысалға келтірді. Сонымен бірге биыл елде жұмысшылар наразылығы жиілеп, кейде билік жұмысшыларды заңсыз ереуілге шықты деп сотқа бергенін де айтты.

Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, Маңғыстау өңірі, 16 шілде 2021 ж.
Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, Маңғыстау өңірі, 16 шілде 2021 ж.

Риттман қазақ парламенті биыл қаңтарда отбасындағы әлімжеттік туралы заңды қарауды тоқтатып қойып, содан бері әйелді отбасындағы қатыгездіктен қорғауды күшейтетін ешқандай жаңа заң ұсынбағанын, құқық және сот органдары әйелдердің арыз-шағымын дұрыс қарамайтынын немесе кінәлілерді жауапқа тартпайтынын атап өтті. "Өткен аптада Алматы билігі енді үш айдан соң келетін 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні арнайы шара өткізуге келісім бермей қойды" деді Риттман.

(8 желтоқсанда Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2022 жылғы 8 наурызда "өзге шаралар өтетініне" байланысты белсенділерге әйелдер құқығына арналған шеру өткізуге келісім бермедік деп түсіндірді. Бірақ оның қандай шара екенін ашып айтпады.)

HRW өкілі Риттман Еуропа одағы мен оның институттарын "қазақстандық шенеуніктерді құр сөзбен шектелмей, өздері уәде еткен реформаны іске асыруға табанды түрде талап етуге" үндеді.

"Олардың арасында экстремизм анықтамасын қайта қарау, Қылмыстық кодекстің 405-бабын [үкіметті] сын айтатын адамдарды қудалау үшін теріс пайдалануды доғару, ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы сот шешімін қайта қарау; тәуелсіз кәсіподақтардың қуғын-сүргінге ұшыраймыз немесе жауып тастайды деп қорықпай тіркеліп, қызметін емін-еркін атқаруын қамтамасыз ету, "Отын-энергетика кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының" қызметін жалғастыруға рұқсат беру; отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызып, қатыгездік көрген әйелдің қиындықсыз қосымша қызмет пайдалануын, соның ішінде ауылды жерде ол паналайтын орын болуын қамтамасыз ету керек" дейді Риттман.

Human Rights Watch ұйымы өкілі Мира Риттман Еуропа одағын Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын үнемі назарда ұстап, мәлімдемелеріне қосуға үндеген. "Еуропа одағы президент Тоқаевты [билікті] теріс пайдалануға тоқтау салып, үкіметтің реформа жайлы уәдесі маңызды әрі шынайы екенін көрсетуге шақыратын кез жетті" деп мәлімдеді Риттман.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис кейінгі екі жылда Қазақстандағы адам құқықтары мен бостандықтары саласында болған кейбір оң өзгерістерді атады. Оған өлім жазасын жоюды, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын халықаралық принциптерге сай келтіретін арнайы заң қабылдау, еуропалық әкімшілік заң моделін бағдар етіп алған Әкімшілік-процестік кодекс қабылдау, азаптау мен қатыгездікке жол бермеу мақсатында қабылданған кейбір өзгерістер, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауға байланысты кейбір реформаны жатқызды.

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис.
Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис.

"Бірақ бізді алаңдатып отырған жайттар да бар" деген құқық қорғаушы былтыр маусымда қабылданған бейбіт митинг туралы заң бойынша ондай шара өткізуге бұрынғыдай биліктен рұқсат алу шарт екенін, саяси партиялар туралы заңға ұйымға мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтқанымен, партия тіркеу бұрынғысынша қиын күйде қалғанын айтты. "Кейінгі он жылда бір де бір оппозициялық партия тіркелген жоқ. Сайлау заңына енгізілген өзгерістерге сай, парламент пен жергілікті өкілді органға енді тек партиялық тізім бойынша сайланады, оның ешқайсында саяси оппозиция жоқ" деді ол.

Жовтис "жала жабу" бабындағы жаза біраз жұмсартылғанымен ол қылмыстық заңда қалғанын да сынады.

"Саяси тұтқындар тізімін нақтылайтын қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдар сарапшылар кеңесінің мүшесі ретінде бұл тізім, тіпті кейбір саяси тұтқындар бостандыққа шықса да, үнемі толығатынын айтуға тиіспін" деді Евгений Жовтис.

Ол қамау мекемесінен босап немесе шартты жазамен шыққан белсенділерге қысым тыйылмайтынын айтты. Құқық қорғаушы ондай қысымға сот үкімімен белсенділердің саяси я қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынатынын, сонымен бірге 405-бап (тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу) бойынша сотталып шыққан азаматтарға "экстремист" айдары тағылатындықтан банк шоттары бұғатталып, бизнеспен айналысуына, құжат рәсімдеуіне шектеу қойылатынын айтты.

Еуропа одағы өкілдерінің қатысуымен форум өтіп жатқан ғимараттың сыртында Қазақстандағы саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Алматы, 5 қазан 2021 ж.
Еуропа одағы өкілдерінің қатысуымен форум өтіп жатқан ғимараттың сыртында Қазақстандағы саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Алматы, 5 қазан 2021 ж.

Ол Қазақстанда діни азшылық өкілдерінің құқығы шектелетінін айтып, ондай топтардың өкілдері әлеуметтік желіде діни мазмұндағы мәтінді талқылағаны үшін бірнеше жылға түрмеге қамалғанын мысалға келтірді.

"Қазақстандық құқық қорғаушыларды жыныстық ерекшелігі бар адамдарға деген өшпенділік көзқарас, елдің бірнеше аймағында ЛГБТ қауымдастығы өкілдеріне жаппай шабуыл жасалғаны да алаңдатты" деді Евгений Жовтис.

"ТҮРМЕДЕ АЗАП ШЕГІП, ШІРІП ЖАТЫР"

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қарар қабылдап, кейінгі кезде адам құқығының нашарлағанын сынаған, адам құқығын бұзған шенеуніктерге санкцияға салуға шақырған. Еуродепутаттар резолюцияда Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға да үндеген. Содан бері бірнеше адам түрмеден шықты, бірақ қазақстандық құқық қорғаушылар құрған саяси тұтқындар тізімі елде үздіксіз жаңарып келеді.

Еуропарламент депутаты Ружа Тун.
Еуропарламент депутаты Ружа Тун.

6 желтоқсандағы талқылауда Еуропарламент депутаты Ружа Тун осыдан бірнеше ай бұрын қазақстандық делегациямен кездесуде өзі көтерген саяси тұтқындар мен саяси қуғын-сүргін көрген адамдарға байланысты сауалға жауап алмағанын айтты.

"Әзімова ханыммен шілденің ортасында кездескенбіз. Содан бері көп ай өтті. Ал сіз сол кездегі сөзді қайталап шықтыңыз. Мен сізге саяси тұтқындардың толымды тізімін берген едім. Сіз диалог, реформа, алда қабылданатын жоспар, т.т. айтасыз. Бірақ қазір [саяси]тұтқындар түрмеде іріп-шіріп жатыр, азапталып, жалған куәлік беруге мәжбүр" деді ол.

Ружа Тун саяси процестер жалғасып жатқан Қазақстанда ешқандай жақсы өзгеріс жоғына көз жеткізгенін мәлімдеді.

"Сіз диалог туралы айттыңыз. Қанша үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) өкілімен кездестіңіз? Олар қандай ҮЕҰ екенін бізге айтасыз ба? Өйткені сізбен де диалог жоқ деп естиміз. "Еститін мемлекет" дейсіз, кімдерді естідіңіз? Маған дейін сөйлеген екі адамның (Риттман мен Жовтис – ред.) сөзін сіз де естідіңіз деп үміттенем. Және де олардың айтқаны шындық екенін де білемін. Диалог пен үкімет жоспары жайлы әңгіме емес, нақтылық болғанын қалаймын. Нақты не өзгерді? Сіз бостандыққа шыққан адамдардың тізімін бере аласыз ба? [Қазақстандағы] саяси астары бар істер бойынша соттарды бақылап жүрмін, ешқандай жақсы өзгеріс жоқ деп айта аламын" деді Тун.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова (оң жақта) Алматы колониясына жұмыс сапары кезінде. Ресми сайтта жарияланған сурет.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова (оң жақта) Алматы колониясына жұмыс сапары кезінде. Ресми сайтта жарияланған сурет.

"Барлық шешімді адам құқығы жөніндегі уәкіл немесе үкімет емес, сот қабылдайды" деп жауап берген Қазақстан омбудсмені жаздағы кездесу кезінде Ружа Туннан саяси тұтқындар тізімін алғанын растады.

"Ол тізімдегі алты адам колониядан босатылды, 11 адамға бостандығы шектелді... Ал қалған адамдарға келсек, бұл ұзаққа созылатын сот процесі екенін білесіз, бұл жерде соттар мен прокурорлардың жұмысы өте маңызды. Сондықтан қазір сізге бұл мәселе жүз пайыз шешіледі деп кесіп айта алмаймын" деді Әзімова.

Еуропарламенттің Орталық Азия бойынша делегациясы өкілі Ружа Тун кейінірек Twitter-дегі парағына: "Кеше Еуропа парламентінің адам құқығы жөніндегі шағынн комитетіндде Қазақстандағы адам құқықтарын қорғауға байланысты дабыл қақтық. Азаптаудан билікке тиімді мәлімдеме жасауға мәжбүр болған саяси тұтқындар абақтыда шіріп жатыр" деген пост жазып, Қазақстандағы оппозициялық белсенділердің суреттерін жариялаған.

Қазақстандық кейбір белсенділер өз елінің парламентінде айтылмайтын көкейкесті мәселені көтерген Еуропарламент депутатына ризашылық білдіріп, оның жазбасын бөліскен.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЙҒЫРЛАР ЖАЙЛЫ СҰРАҚҚА ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ЖАУАП

Талқылауда сөз алған Еуропарламенттің тағы бір депутаты Питер ван Дален Қазақстандағы дін бостандығы ахуалы және елдегі ұйғыр азшылығының жай-күйі туралы сұрады.

"Әсіресе мені ислам дінінен христиан дініне өткендердің жағдайы туралы хабарламалар толғандырады. Ол адамдар және отбасы мүшелері қысымға ұшыраған. Бұл бірінші сұрақ. Екінші сұрағым Қазақстандағы ұйғыр азшылығына байлланысты. Қазақстан Қытаймен жақын бола бастағанын білеміз. Ендеше ол Қазақстандағы ұйғырлардың жағдайына қалай әсер етіп отыр?" деді Питер ван Дален.

Қазақтар мен ұйғырлар аралас тұратын Пенжім ауылында көшеде кетіп бара жатқан мектеп оқушылары. Алматы облысы Панфилов ауданы, 28 қазан 2021 ж.
Қазақтар мен ұйғырлар аралас тұратын Пенжім ауылында көшеде кетіп бара жатқан мектеп оқушылары. Алматы облысы Панфилов ауданы, 28 қазан 2021 ж.

Әзімова қазіргі кезде Қазақстан парламенті қолданыстағы заңға діни сараптамаға, діни салт-жоралғыны өтейтін орындарға байланысты және өзге де түзетулер енгізуді қарап жатқанын айтты.

Бірақ Питер ван Даленнің Қазақстандағы ұйғыр азшылығы туралы сұрағына Әзімова ...Қытайдан келген қазақтар туралы жауап берді.

"[Қазақстан] аумағына келіп алған соң Қытайдағы туыстарын босату туралы талап қойған қазақтар мәселесі бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өзге мемлекет болғандықтан, қазір оның нәтижесі жайлы айту қиын. Әйткенмен мен олармен кездесіп, сөйлестім, қазір сыртқы істер министрлігі және бас прокуратурамен диалог өткізіп жатырмыз, бұл айтарлықтай күрделі мәселе" деді ол.

Алматы полициясы Қытай билігіне талап қойғандарды ұстап әкетті. 8 желтоқсан 2021 ж.

Алматы полициясы Қытай билігіне талап қойғандарды ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "саяси тәрбиелеу" лагеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Қазақстанға Қытайдан келген немесе ол жақта туыстары қалған қазақ және ұйғыр азаматтар Шыңжаңдағы қысым жайлы мәлімдеген. Олардың кейбірі Қазақстанда да қысым жалғасқандықтан, өзге елге кетуге мәжбүр болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG